АСТАНА, 4 қаңтар — Sputnik. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде автокөліктерді мемлекеттік тіркеу ережесі түбегейлі өзгерді, деп хабарлады Елорда инфо.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қызметінінің мәліметінше, ведомство көлік құралдарын тіркеу және қайта тіркеу, есепке алу бойынша мемлекеттік қызметтерге талдау жүргізген.
Агенттіктің мәліметінше, бір жылда орта есеппен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін сақтауға 11 мыңға жуық азамат өтініш береді және оны қайта тіркеу үшін 63 миллион теңгеден астам сомаға мемлекеттік баж төлейді.
"Агенттік ұсынымдарының негізінде 30 жұмыс күніне дейін мемлекеттік нөмірлерді қайта тіркеу кезінде мемлекеттік баждарды (АЕК көлемінің жыл сайынғы өсуін ескергенде 2018 жылдан бастап 6 734 теңге көлемінде) төлеу қажеттілігін алып тастау мақсатында Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Жаңалық осы жылдан бастап жүзеге аса бастады", — делінген хабарламада.
Мысалы, бір жылда орта есеппен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерінің телнұсқаларын дайындауға 1,9 мыңға жуық азамат 11 миллион теңгеден астам сомаға өтініш береді.
Автокөлік иелерін қосымша шығынға батырмау мақсатында сонымен қатар жаңа Салық кодексіне сәйкес мемлекеттік нөмірдің 1 данасын 6 734 теңгенің орнына 3 367 теңгеге дайындауға өтініш беру мүмкіндігі ұсынылады.
Рәсімдерді оңайландыру, әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлық қатерлерді жою агенттік жұмысының басымдылығы екенін атап өту керек.