Сәукеле – ұзатылатын қыздың бас киімі, ол қазақтың бай тарихи-мәдени мұрасы, өткен ғасырлардағы әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен хабар береді. Қазақтың ұлттық киімі өзіндік қасиетке толы, себебі ол сол халықтың табиғат төсінде өсіп, еркін ғұмыр кешуіне байланысты қалыптасқан. Ертеректе ұзатылатын қызға арнап сәукелені алдын ала тіктірген. Тіпті сәукеленің сәнді болуына, құнына аса мән берген. Сәукеле де басқа ұлттық киімдер секілді халықтың ақыл-ойының, эстетикалық талғамының жемісі. Ондағы қымбат бағалы тастар, матасы мен ою-өрнегі қыз баланың қоғамдағы статусын көрсетеді.