Қоғам

Этнограф қазақ қыздары сәукеле мен бөрікті қандай жағдайда кигенін түсіндірді

© Sputnik / Vladislav Vodnev / Медиабанкке өтуДевушки в национальных головных уборах во время празднования Наурыза на территории Астана Экспо
Девушки в национальных головных уборах во время празднования Наурыза на территории Астана Экспо - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.10.2021
Жазылу
Қазақтың ұлттық баскиімі сәукеле мен бөрік әйелдің тұрмыс жағдайын көрсетеді. Тұрмыс құрмаған қыз бөрік киеді, ұзатылған соң сәбилі болғанша сәукеле кисе, одан кейін кимешек тартады

АЛМАТЫ, 7 қазан – Sputnik. Сәукеле мен бөрік – қазақтың салт-дәстүрін бойына жиған ұлттық баскиім. Қыз тұрмыс құрғанша бөрік, бір отбасының түтінін түтетуге аттанған кезде сәукеле киеді. Ұзатылған қыз барған жұртында сәукелені сәбилі болғанша киіп, содан кейін кимешек тартады. Бұл туралы этнограф Досымбек Қатыран Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, сәукелені әйел келін болып барған жерінде жас келін екенін көрсету үшін киіп жүрген.

"Сәукелені қыз беретін жақ тіктіреді. Оны ұзатылып бара жатқан қалыңдық киеді. Сәукеле биік етіп тігіледі, сол арқылы қыздың мәртебесін көрсетеді. Келін болып түскен соң көрші-қолаң қонаққа шақырады, сол кезде киіп барады, жас келін екенін көрсетеді. Балалы болған соң, сәбиді қырқынан шығарғаннан кейін кимешек киеді", - дейді Досымбек Қатыран.

Сәукеле өте биік болады, оның артына желек тағылады. Сәукелені үнемі тағып жүрмейтіндіктен, желегін шешіп, орамал секілді тағады.

Ал келіншек өзі киіп ұзатылған сәукелені ешкімге бермейді.

"Сәукеле сол адамның меншігі саналады. Өзінің сіңілісі немесе қайын сіңілісі болса, оған басқа сәукеле тігіледі. Бір сәукелені бірнеше адам тақпайды. Екі жас ажырасқан жағдайда, арасында бала болмаса, сәукелені қыз өзімен бірге алып кетеді", - дейді маман.

Сәукеле үш бөліктен тұрады

Досымбек Қатыранның сөзінше, сәукеленің үстіңгі, ортаңғы және төменгі бөлігі үш әлемді көрсетеді.

"Сәукеленің жоғары жағына құстың қауырсыны ілінеді. Ол жоғары жақты, аспан әлемін білдіреді. Ортаңғы бөлімде – ағаш, өсімдік, яғни тіршілік бейнеленеді. Төменгі бөлікте су мен топырақ астында өмір сүретін жануарларды бейнелейді. Осылайша бір сәукеле үш әлемді біріктіреді. Ал сәукеле киген қалыңдыққа сол әлемді жалғастырушы адам ретінде үлкен міндет жүктеледі", - дейді маман.

Сәукеленің үстіңгі, ортаңғы және төменгі бөлігі үш әлемді біріктіреді, дейді этнограф
Этнограф қазақ қыздары сәукеле мен бөрікті қандай жағдайда кигенін түсіндірді - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.10.2021
Сәукеленің үстіңгі, ортаңғы және төменгі бөлігі үш әлемді біріктіреді, дейді этнограф

Сәукелені де екінің бірі тіге алмайды. Бұл істі шебер кісіге тапсырады. Себебі үш әлемді бейнелейтін әшекейді нағыз зергер ғана жасай алады.

"Үкі тағу – қасиет тағу, үкілеп өсірген қызды қадірлегеннің белгісі. Қазақ ағаштан жасалған домбыраны қасиетті санап, оған үкі тағады. Келіннің бетін дәл сол домбырамен ашады. Яғни, келіннің бетін ашып жатқан ағаштың өзі өсіп-өну, өркендеу символын көрсетіп тұр", - дейді этнограф.

Ол сондай-ақ ертеректе жас келіннің барлық киімі қызыл болғанын айтты.

"Бұрынғы сәукеле, қалыңдықтың бұрынғы киімі – бәрі қызыл еді. Қазір ақ фата тағуға байланысты бәрі ағарып кетті. Келіншек те ақ киетін болды. Сәукеле де ақ болады. Жас адамның киімі қызыл, қызыл күрең болуы керек. Ал жасы ұлғайған кезде ашық, жасыл түсті киеді", - дейді маман.

Бөрік "бөрі" сөзінен шыққан

Бөрік – қалқаны үлбірмен көмкерілген баскиім. Оны ерлер де, қыздар да киеді. Екеуі пішініне қарай бір-біріне ұқсас. Этнограф Досымбек Қатыран бірінші ер адамға арналған бөрік пайда болғанын айтты. Маман мұны бөрік сөзінің "бөрі" сөзінен шығуымен байланыстырды.

"Бөрікті қыз да, жігіт те киеді. Ер адамдардың бөркі формасы жағынан жұмырлау келеді. Қыздарға баскиім тіккен кезде бұрымы есептеліп, жалпақтау форма таңдалады. Бөрік тағып жүрген қызға қарап оның тұрмыс құрмағанын білуге болады. Ал жігіттер жазда бөрік, қыста тымақ киеді. Атқа мінгенде тымағын тастамайды, себебі шапқан кезде бөрік ұшып кетеді. Соған қарап бөрік той-томалақ кезінде киілген деп айтуға болады", - дейді маман.

"Көкпарға бір кездері қасқыр салған. Қазандыққа қасқыр салған адамға ол олжа ретінде берілген. Кейін сол олжасынан баскиім тіктіріп киген. Оны көргендер "бөрі жігіт" екен деп атаған. Осылайша уақыт өте келе "бөрік" болды. Қыздардың көкпар шаппайтыны белгілі. Соған қарап бөрікті алғашында ер адамдар киген деп топшылауға болады", - дейді ол.

© Sputnik / Vladislav Vodnev / Медиабанкке өтуҰлттық киім киген қазақ қыздары
Этнограф қазақ қыздары сәукеле мен бөрікті қандай жағдайда кигенін түсіндірді - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.10.2021
Ұлттық киім киген қазақ қыздары

Сәукеленің негізі – төбесі

Сәукеле – қазақтың қызына деген көзқарасының бір белгісі. Сәукеленің өн бойы қымбат матамен қапталып, аса бағалы таспен сәнделеді. Бағалы тастың өзі матаға түрлі-түсті қымбат жіптермен тігіледі. Бастан қисайып немесе түсіп кетпеу үшін тамақтан өткізіп бау тағылады.

Дөңгелек бас киім төбе жағына қарай жіңішкере береді, жоғары жағына үкі тағылады.  Сәукелеге үкі тағу сақ дәуірінің сарқыншағы деп атауға болады.

Сәукелені ісмерлігі шыңдалған тігінші, кестелеуші шеберлер дайындаған. Сәукелеге арналған алтын, күміс және қоладан жасалған салпыншақтар мен жапсырма белгілерді зергерлер құю, шекілеу, мөр басу әдістерін қолдану арқылы жаcаған. Әдетте шебер бір сәукелені жасауға бір жыл уақыт жұмсаған.

Оқи отырыңыз: Қазақтың сәукелесі туралы қызықты деректер - фото

Сәукеленің екі жақ самай тұсынан бетке жеткізе шолпы тәрізді ендіріп бірнеше қатар маржан тізілген салпыншақтарды "бетмоншақ" немесе "сәукеленің бетмоншағы" деп атайды.

Сәукеленің төбесінде алтынмен, күміспен әшекейленеді. Жібектен жүргізілген мата сол жерге бекітіледі. Мұны бергек деп атайды. Сәукеленің арт құлағы белге дейін жетеді. Сәукеленің ең сыртынан жабатын шашақты әшекейлі жібек мата көйлектің етегі секілді жерге сүйретіліп жүреді.

Бөрік – тұрмыс құрмаған қыздың баскиімі

Бөріктің түрі өте көп. Оның үлбірі ненің жүнінен жасалғанына қарай атауы да ауысады. Негізгі ойық бөлігі қандай жануардың терісінен жасалғанына қарай құс бөрік, лақ бөрік, күзен бөрік, қарсақ бөрік, құндыз бөрік, суыр бөрік, түлкі бөрік, тиін бөрік деп бөліне береді.

Ерлер қыстыгүні сеңсең бөрік, сеңсең тымақ, түлкі тымақ, құлақты бөрік киеді. Ал жазда елтірі бөрік, пұшпақ бөрік, жекей тымақ киеді. Тымақ пен бөрікті қозы, қой, лақ немесе аң терісінен тігеді, арасына жүн салып, тыстайды. Қыстыгүні киетін тымақты барқыт, пүліш, атлас секілді қымбат матамен тыстаған.

© Photo : Satu.kzБөрік
Этнограф қазақ қыздары сәукеле мен бөрікті қандай жағдайда кигенін түсіндірді - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.10.2021
Бөрік

Әйелдер тақия, бөрік, орамал, жаулық, кимешек, күндік, сәукеле, желек, шәлі таққан. Тұрмыс құрмаған қыздар бөрік киген.

Бұл сөзімізге "Бөркім, бөркім, бөркім-ай!

Басыма киген көркім-ай!

Ерте жатып, кеш тұрған,

Үйдегі менің еркім-ай!, деген өлең жолдары дәлел бола алады.

Жаңалықтар
0