Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғайтын жаңа жүйе сынақтан өтіп жатыр

© Photo : Изображение создано ИИСсора между женой и мужем
Ссора между женой и мужем - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.11.2026
Жазылу
Жоба тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, жәбірленушіге қауіп төнген жағдайда полицияның жедел әрекет етуіне мүмкіндік беруді көздейді
АСТАНА, 26 қараша – Sputnik. Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға арналған "Электрондық қорғану аймағы" жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр, деп хабарлады Құрылтайдың баспасөз қызметі.
Жаңа құрылғы зорлық-зомбылық жасауы мүмкін адам жәбірленушіге белгіленген қауіпті қашықтыққа жақындаған кезде полицияға автоматты түрде дабыл жібереді.
Бастаманы "Әділет" партиясы фракциясының депутаттары ұсынған. Олардың пікірінше, қорғау тетіктері зорлық-зомбылық жасалғаннан кейін ғана емес, қауіптің алдын алуға да мүмкіндік беруі керек.
"Электронды дабылдың өзі адамды қорғай алмайды. Сондықтан пилоттық жобамен қатар қауіпті жақындау туралы хабарлама түскен кезде ішкі істер органдарының қалай әрекет ететінін нақты айқындайтын алгоритм әзірлеу қажет", – деді Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, қазір құрылғы техникалық сынақтан өткізіліп жатыр. Мамандар қауіпті арақашықтық 20 метрге дейін қысқарған кезде жүйенің дабыл қалыптастырып, полицияның жедел басқару орталығына автоматты түрде хабарлама жіберу мүмкіндігін тексеріп жатыр.
Пилоттық жобаға Шымкент қаласы, Ақмола, Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жетісу облыстары таңдалған.
"Дабыл түскен жағдайда полиция оқиға орнына жақын жасақты бағыттап, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар барлық қабылданған шара цифрлық жүйеде тіркеледі", – делінген министрдің жауабында.
Жүйені әзірлеу кезінде Францияның тәжірибесі де ескерілген. Бұл елде жәбірленуші мен зорлық-зомбылық жасаған адамның арақашықтығын бақылайтын электронды білезіктер қолданылады. Белгіленген шектеу бұзылған жағдайда полицияға автоматты түрде дабыл беріледі.
ІІМ мәліметінше, Қазақстанда қазірдің өзінде GPS және GSM модульдерімен жабдықталған 2 851 электронды білезік қолданылып жүр. Олар профилактикалық есепте тұрған адамдардың орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе адамның рұқсат етілген аумақтан шығуын, білезікті шешуін немесе бүлдіруін, сондай-ақ байланыс жоғалуын автоматты түрде тіркейді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық 4 есе артқан   - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.04.2025
Тұрмыстық зорлық-зомбылық 4 есе артты - балалар омбудсмені
Жаңалықтар
0