Астанада мемлекеттік грантқа бөлінген қаражат жымқырылған

Тенге - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.11.2026
Жазылу
Астанада ғылыми жобаны жүзеге асыруға бөлінген 297 млн теңгеден астам қаржы жымқырылған
АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Астанада ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бөлінген мемлекеттік грант қаражатын жымқыру схемасы анықталды. Мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келтірілген, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылы жеке кәсіпкер "Ғылым қоры" АҚ-дан "Өсімдік майларын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ұйымдастыру" жобасын жүзеге асыру үшін 350 млн теңгеге дейін грант алған.
"Алайда қаражат жабдықтар, шикізат, маркетингтік қызметтер және басқа да тауарлар үшін төлем жасау қажет деген желеумен бақылауындағы компаниялардың шоттарына аударылып отырған", - деп жазылған хабарламада.
Атап айтқанда, жоба бойынша дат баспайтын болаттан жасалған үш өндірістік желі сатып алынуы керек болған. Бірақ оның орнына техникалық талаптарға сәйкес келмейтін көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы ғана алынған.
"Дайын өнім өндірілмеген және сатылмаған. Соның салдарынан мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келтірілген. Жымқырылған қаражат пайдаланылған өсімдік майын жеткізу ақысын төлейміз деген желеумен өзара байланысты екі компанияның шотына аударылған", – деп хабарлады агенттік.
Кейін ақшаның бір бөлігі жеке кәсіпкердің шоттарына қайтарылып, жобаны жүзеге асыруға салынған жеке қаражаты ретінде рәсімделген. Сондай-ақ қаражаттың бір бөлігі автокөліктерді лизингке алу шарттары бойынша бастапқы жарналарды төлеуге жұмсалған.
Бұдан бөлек, жобаның жүзеге асырылуын бақылауға жауапты "Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы" АҚ қызметкері 1,7 млн теңге заңсыз сыйақы алған. Ол анықталған заңбұзушылықтарды тексеру актілерінде көрсетпей, жобаны қаржыландыруды жалғастыруға ұсыным берген.
Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен алты автокөлікке, пәтерге және жабдықтарға тыйым салынды.
Тергеу жалғасып жатыр.
Тенге  - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.11.2026
Астанада екі компаниядан 109 млн теңге жымқырған бухгалтер сотталды
Жаңалықтар
0