Астанада екі компаниядан 109 млн теңге жымқырған бухгалтер сотталды

Тенге  - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.11.2026
Жазылу
Сотталушының балалары болғандықтан жазаны өтеу мерзімі бір жылға кейінге қалдырылды
АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Астанада екі компанияның 109 млн теңгеден астам қаражатын жымқырған бұрынғы бас бухгалтерге қатысты сот үкімі шықты. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушы 2019-2023 жылдары М.-ға тиесілі екі жауапкершілігі шектеулі серіктестікте (ЖШС) бухгалтер, кейін бас бухгалтер болып жұмыс істеген.
"Осы қызметін пайдаланып, ол компаниялардың банк шоттарына қол жеткізіп, қаржылық операцияларды өз бетінше жүргізу мүмкіндігіне ие болған", - деп жазылған хабарламада.
Тергеу мәліметі бойынша сотталушы тиісті келісімшарттарсыз және бухгалтерлік есепте көрсетпестен компаниялардың шоттарынан өз есепшотына, сондай-ақ өзі бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің шоттарына жүйелі түрде ақша аударып отырған.
Осының салдарынан екі компанияға 109 млн теңгеден астам шығын келген. Алайда келтірілген материалдық залал әлі өтелмеген.
"Үкім шығару кезінде сотталушының екі кәмелетке толмаған баласы бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Нәтижесінде оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айырылды", - делінген хабарламада.
Алайда сотталушының асырауында 2013 және 2014 жылы туған балалары болғандықтан, Қылмыстық кодекстің 74-бабы негізінде жазаны өтеу мерзімі бір жылға кейінге қалдырылды.
Сонымен қатар жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Теңге - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.11.2026
Шығын 35 млн теңге: "ҚазАвтоЖол" АҚ еншілес ұйымының бас бухгалтері сотталды
Жаңалықтар
0