Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстері 2027 жылы ашылады
10:25 19.11.2026 (жаңартылды: 10:33 19.11.2026)

© Photo : Министерство транспорта Казахстана
Жазылу
Тараптар тікелей әуе қатынасын іске қосу мәселелерін шешу бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделі екенін растады
АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстерін 2027 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлады Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл мәселе Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен АҚШ көлік министрінің авиация және халықаралық қатынастар жөніндегі көмекшісі Дэниел Дж. Эдвардс арасындағы кездесуде талқыланды.
"Келіссөздің негізгі тақырыбы Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу перспективалары, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту болды", – делінген ведомство хабарламасында.
Көлік министрлігінің мәліметінше, Қазақстан тарапы АҚШ Федералдық авиация басқармасынан (FAA) 1-санат мәртебесін алу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қыркүйек айында америкалық сарапшылар аудит жүргізіп, алдын ала нәтижелерін ұсынған. Олар жақсы көрсеткіштерді атап өткен.
"Біз Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға мүдделіміз және осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Екі ел арасында жасалған "Ашық аспан" туралы келісім бұл бастаманы жүзеге асыруға берік құқықтық негіз қалыптастырады. АҚШ-тың авиациялық органдарымен сындарлы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және қалған рәсімдер жақын арада аяқталады деп үміттенеміз", – деді Талғат Ластаев.
Кездесу барысында қазақстандық әуе компанияларының ұшақ паркін жаңарту мәселесі де сөз болды.
Air Astana әуе компаниясы 2026-2027 жылдары үш Boeing 787 Dreamliner ұшағы жеткізіледі деп күтуде. Бұл ұшақтарды АҚШ-қа рейстер ұйымдастыру кезінде пайдалану жоспарланған.
"2025 жылы америкалық Boeing компаниясымен жалпы құны 15 млрд АҚШ долларын құрайтын 33 ұшақ жеткізу туралы келісімдер жасалды", – делінген хабарламада.
Вице-министрдің айтуынша, тікелей әуе қатынасының ашылуы Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты дамытудағы маңызды кезең болмақ. Бұл іскерлік және туристік байланыстарды нығайтуға, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға және Орталық Азия мен АҚШ арасындағы көлік қатынасын жақсартуға ықпал етеді.
