Алматыдағы крематорийде жеті айда 30 адамның мәйіті өртелді

© Sputnik/Ертай СарбасовКрематорий в Алматы
Крематорий в Алматы - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.11.2026
Жазылу
Мәйітті крематорийге жеткізуді туыстары өз бетінше ұйымдастырады немесе мамандандырылған қызметтердің көмегіне жүгіне алады
АЛМАТЫ, 18 қараша – Sputnik. Алматыдағы крематорий ашылғалы бері жеті ай ішінде 30 адамның мәйіті кремацияланған. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Басқарманың мәліметінше, кремация рәсіміне сұраныс ай сайын артып келеді.
Айлар бойынша жүргізілген кремация рәсімдерінің саны:
маусымда – 3;
шілдеде – 2;
тамызда – 3;
қыркүйекте – 8;
қазанда – 8;
қарашада – 6.
Осы кезеңде барлығы 30 кремация рәсімі өткізілген.

Кремацияға қалай келісім беруге болады?

Кремацияға көзі тірісінде келісім беру туралы өтінішті eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы рәсімдеуге болады. Ол үшін порталда азаматтың кремацияға келісім білдіруін тіркеу қызметі қарастырылған. Қызмет электронды форматта көрсетіледі.
Қайтыс болған адамды кремациялауды ұйымдастыру үшін оның туыстары немесе уәкілетті өкілі крематорий әкімшілігіне жүгініп, қажетті құжаттарды ұсынуы керек.
Олардың қатарында:
1.
қайтыс болған адамның көзі тірісінде кремацияға келісім бергенін растайтын құжат;
2.
қайтыс болу туралы куәлік;
3.
медициналық қайтыс болу туралы куәлік;
4.
өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат;
5.
туысы өтініш берген жағдайда туыстық қатынасын растайтын құжат;
6.
уәкілетті өкіл жүгінген жағдайда оның өкілеттігін растайтын сенімхат немесе өзге құжат бар.
"Мәйітті крематорийге жеткізуді туыстары өз бетінше ұйымдастырады немесе мамандандырылған қызметтердің көмегіне жүгіне алады. Мәйіт крематорийге жеткізілгеннен кейін қызметкерлер ұсынылған құжаттарды тексереді, қайтыс болған адамның жеке басын сәйкестендіреді, тиісті тіркеу жұмыстарын жүргізіп, оған жеке есептік нөмір береді. Қажетті дайындық рәсімдері аяқталған соң мәйіт кремациялауға жіберіледі", – деп хабарлады басқарма.
Кремация аяқталғаннан кейін күл-қалдық арнайы құрылғыда – кремуляторда өңделіп, туыстары ұсынған құтыға немесе капсулаға салынады. Құжаттар рәсімделген соң күл салынған құты туысына немесе уәкілетті өкіліне қолхат арқылы табысталады. Сондай-ақ кремация рәсімінің өткізілгенін растайтын құжат беріледі.

Туыстары кремацияға қарсы болса не болады?

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының түсіндіруінше, егер адам көзі тірісінде кремацияға келісім берген болса, оның туыстарының бұл шешіммен келіспеуі марқұмның жеке ерік-ниетін өзгерте алмайды.
Алайда туыстарының пікірі өздігінен кремация жүргізуге құқықтық негіз болмайды. Марқұмның көзі тірісінде білдірген ерік-ниеті тиісті тәртіппен рәсімделіп, расталуы қажет.
Егер туыстары арасында келіспеушілік туындаса, крематорий қызметкерлері отбасылық дауды шешуге немесе марқұмның орнына шешім қабылдауға құқылы емес.
Ал қайтыс болған адамның кремацияға келісім бергені туралы расталған құжаты болмаса, рәсімді тек туыстарының өтініші немесе келісімі негізінде өткізуге жол берілмейді.

Қандай жағдайда кремация жасауға болмайды?

Кремация рәсімін ұйымдастыру кезінде өлімнің мән-жайы мен оны жүргізудің құқықтық негіздері ескеріледі.
"Зорлық-зомбылық салдарынан қайтыс болған, өлімінің мән-жайлары анықталмаған, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болуы мүмкін немесе сот-медициналық сараптама жүргізу қажеттілігі туындаған жағдайларда кремация жүргізу мүмкіндігі туралы мәселе құзыретті органдармен алдын ала келісілуге тиіс", – деп хабарлады басқарма.
Егер кремация өлімнің мән-жайларын анықтауға, сараптама жүргізуге немесе заттай дәлелдемелерді сақтауға кедергі келтіруі мүмкін болса, қажетті тергеу және сот-медициналық шаралар толық аяқталғанға дейін рәсім жүргізілмейді.
Сондай-ақ жеке басы анықталмаған адамдарды сәйкестендіру жұмыстары аяқталмайынша және заңда көзделген тиісті негіздер болмайынша кремациялауға рұқсат етілмейді.
Алматыда крематорий ашылды - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.04.2026
Екі сағат жанады: Алматыда крематорий ашылды
Жаңалықтар
0