Жасанды интеллект тұтынушыға көмір жеткізу барысына мониторинг жасайды

© Photo : Қазақстан Республикасы президентінің баспасөз қызметі Мемлекет басшысы энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдады
Мемлекет басшысы энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдады - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.11.2026
Жазылу
Қазір еліміздің 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімі қайта қарастырылып жатыр
АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Президентке жылыту маусымы еліміздің барлық аймағында қалыпты өтіп жатқаны баяндалды.
Министрдің айтуынша, электр станцияларын жөндеуге арналған қаржы 384 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. Негізгі жабдық пен желілер жөнделді, жылу электр орталықтарының тозу деңгейі төмендеді, сондай-ақ қатерлі "қызыл аймақтағы" станциялардың саны беске дейін қысқарды.
Сонымен қатар электр энергиясын өндіру 10 айда 2,3 пайызға артып, 102,4 миллиард кВт/сағатқа жетті.
"Ерлан Ақкенженов Мемлекет басшысына мұнай өңдеу көлемі 4,7 пайызға өскенін және жанар-жағармайдың жалпы қоры 1,2 миллион тоннаға дейін көбейгенін айтты. Отандық битум өндірісі елдің ішкі сұранысын толықтай өтеді", - деп жазылған хабарламада.
Бұдан бөлек министр Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 миллион тоннаға дейін кеңейту және Атырау облысында жаңа мұнай химиясы кешенін салу жобалары қолға алынғанын айтты. Сонымен қатар жыл соңына дейін халықты газбен қамтамасыз ету деңгейі 64,5 пайызға жетеді. Нәтижесінде 13,2 миллион азамат көгілдір отынның игілігін көреді.
Министрлік энергияны көп тұтынатын деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект қажеттіліктерін ескере отырып, еліміздің 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімін қайта қарауға кірісті. Ал геологиялық барлауды жандандыру үшін 112 кен учаскесі электронды аукционға шығарылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
"Сонымен қатар президентке отын-энергетика кешені нысандарының цифрлық телнұсқаларын және 1,2 миллион тұтынушыға көмір жеткізу барысына мониторинг жасайтын бірыңғай платформаны енгізу жөнінде мәлімет берілді", - деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысы халықты энергиямен және жылумен толық қамтамасыз ету, жанар-жағармай мен көмір нарықтарының тұрақтылығын қатаң бақылауда ұстау, сондай-ақ инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Касым-Жомарт Токаев представил нового председателя Комитета национальной безопасности Марата Ирменова - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.11.2026
Тоқаев ҰҚК-ның жаңа төрағасына бірқатар тапсырма берді
Жаңалықтар
0