Қоғам

Елімізде қант диабетіне шалдыққан қанша науқас бар

© Photo : Рixabay/stevepbСахарный диабет, иллюстративное фото
Сахарный диабет, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.11.2026
Жазылу
Бүгін, 14 қарашада Дүниежүзілік диабетпен күрес күні атап өтіледі
АСТАНА, 14 қараша – Sputnik. 2026 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанда қант диабетімен ауыратын 575 мыңнан астам адам тіркелген, оның ішінде 30 987-ден астам адам 1-типті қант диабетімен ауырады, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
Қазақстанда диабетпен ауыратын пациенттерге тиімді медициналық көмек көрсету мақсатында ауруды ерте анықтауға арналған скринингтік бағдарламалар кеңейтіліп, семіздіктің алдын алу және зиянды өнімдерді тұтынуды шектеу шаралары күшейтілді. Сондай-ақ мамандандырылған құзырет орталықтары ашылды.
Скринингтің шеңберінде екі жылда бір рет гликирленген гемоглобин, триглицеридтер және тығыздығы төмен липопротеидтер деңгейін анықтауды қамтитын зерттеулер жүргізіледі.
2026 жылдың тоғыз айында мұндай тексерулерден 1,6 миллионнан астам қазақстандық өтті. Нәтижесінде аурудың 32 342 жағдайы анықталды. Анықталған пациенттердің шамамен 95%-ы тұрақты медициналық бақылауға алынды.
Мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында елімізде Республикалық эндокринология және диабет бойынша құзырет орталығы және оның Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ақтөбе облыстарындағы филиалдары құрылды.
2027 жылдың соңына дейін мұндай орталықтарды еліміздің барлық өңірінде ашу жоспарланып отыр.
Емханалардың жанындағы "Қант диабеті мектептерінің" желісі де кеңейтілуде. Онда пациенттер қандағы қант деңгейін бақылауды, дәрігерлердің ұсынымдарын орындауды және аурудың асқынуының алдын алуды үйренеді.
Осы диагнозы бар әрбір пациент емхана арқылы тегін консультация алуға, өзі тіркелген учаскеде тұрақты медициналық бақылауда болуға және асқынулар туындаған жағдайда мамандандырылған медициналық көмек алуға құқылы.
"2026 жылы МӘМС қаражатының есебінен жалпы сомасы 60,46 млрд теңгеге 50-ден астам атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сатып алынуда. Препараттарды медициналық ұйымдарға жеткізу 2026 жылғы қаңтардан бастап бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылып жатыр", - делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, бүгін, 14 қарашада Дүниежүзілік диабетпен күрес күні атап өтіледі. Бұл күн 1922 жылы Чарльз Бестпен бірге инсулинді ашқан сэр Фредерик Бантингтің туған күніне орай белгіленген. Бұл жаңалық қант диабетімен өмір сүретін миллиондаған адамның өмірін өзгертті. Қант диабеті – қандағы глюкоза деңгейінің жоғарылауымен сипатталатын созылмалы эндокриндік ауру. Қандағы қант мөлшері ұйқы безі өндіретін инсулин гормоны арқылы реттеледі.
Қант диабеті кезінде организм инсулинді жеткілікті мөлшерде өндірмейді немесе оны тиімді пайдалана алмайды. Диабет кез келген жаста пайда болуы мүмкін және жүрек, бүйрек, көз бен нерв жүйесін зақымдайтын ауыр асқынуларға әкелуі ықтимал.
Алматыда республикалық эндокринология және қант диабеті орталығы ашылды - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.09.2025
Алматыда республикалық эндокринология және қант диабеті орталығы ашылды
Жаңалықтар
0