2027 жылы Қосшыда Tarlan Astana желісін іске қосу жоспарланып отыр - қала әкімі
09:54 13.11.2026 (жаңартылды: 09:58 13.11.2026)

© Photo : Страница Жениса Касымбека в соцсетях
Жазылу
Жеңіс Қасымбек әкімдік құрылыс жұмысын барынша қысқа мерзімде әрі сапалы аяқтау үшін бар күшін салып жатқанын айтты
АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Қосшыда Tarlan Astana желісін іске қосу 2027 жылға жоспарланып отыр. Бұл туралы Астана қаласының әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Жеңіс Қасымбек құрылыс жұмыстарына түсіністікпен қарауды өтінді.
"Қазіргі уақытта қала тұрғындарынан Tarlan Astana желісінің екінші кезеңінің құрылысына, нақтырақ айтқанда, Айтматов, Сығанақ көшелері мен Тұран даңғылындағы көлік қозғалысына қойылатын уақытша шектеулерге қатысты сұрақтар түсіп жатыр. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністік танытып, жеңіл рельсті көлік жобасының іске асуына қолдау білдірулеріңізді сұраймын. Құрылысы аяқталған соң Tarlan Astana жолдардағы көлік жүктемесін едәуір азайтып, өткізу қабілетін арттыруға және кептеліс мәселесін шешуге мүмкіндік береді", - деп жазды Қасымбек.
Ол әкімдік құрылыс жұмысын барынша қысқа мерзімде әрі сапалы аяқтау үшін бар күшін салып жатқанын айтты.
"Мәселен, бүгінде Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің Қосшы қаласына қарай бағытталған екінші кезеңінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Келесі жылдың соңына дейін барлық жұмысты аяқтап, осы учаскеде қозғалысты ашуды жоспарлап отырмыз", - деді қала басшысы.
Астана әкімі Айтматов көшесі мен Тұран даңғылы бойындағы желінің құрылысына белсенді кірісіп жатқанын, сондықтан осы жылдың соңына дейін және келесі жылы Сығанақ, Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойында көлік жүргізушілеріне уақытша қолайсыздықтар болатынын хабарлады.
"Бүгін Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің екінші кезеңіндегі №201, 202 және 204 станцияларының құрылыс барысымен таныстым. Сығанақ көшесінің бойында орналасқан №201 станцияда екі деңгейлі ауысып міну торабының құрылысы басталды. Мұнда №2 және №3 желілері түйіседі. Бұл жолаушыларға көшеге шықпай-ақ, бір бағыттан екіншісіне жылдам әрі ыңғайлы ауысып мінуіне мүмкіндік жасайды", - дедіЖеңіс Қасымбек.
Жобаны іске асыру қаланың көлік қатынасын едәуір жақсартып, тұрғындардың жылдам қатынауына және елордада заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетері, бүгінге дейін жолаушылар Tarlan Astana желісімен 13,8 млн рет қатынаған.
