Жыл қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің көлемі 398 млрд долларға жақындайды – Тоқаев

© Photo : Пресс-служба президента Казахстана Тоқаев Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты
 Тоқаев Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.11.2026
Жазылу
Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты
АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Халықаралық валюта қорының мәліметінше, жыл қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 398 миллиард долларға жақындайды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда өткен Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты, деп хабарлады Ақорда.
"Бұл – біздің аймағымыздағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Бірақ қазіргідей құбылмалы уақытта, әрине, қолда бар табысқа мәз болып, жайбарақат отыруға болмайды. Бәріміз осындай алмағайып заманда еліміздің әлеуетін арттыра түсу үшін белсенді әрі қажырлы еңбек етуіміз керек", – деді ол.
Мемлекет басшысы алда тұрған биік мақсаттар мен ауқымды жұмысқа тоқталды.

"Елімізде келесі жылы "Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы" аясында ірі құрылыс науқаны басталады. Дегенмен мұны жай ғана уақытша науқан емес, нағыз "Халықтық құрылыс", яғни, тұтас қоғамның игілігі үшін істелетін тарихи құрылыс жұмысы деп түсінген жөн. Еліміздің әр азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ қауіпсіз, қолайлы және сапалы ортада өмір сүруге хақы бар, – деп толықтырды президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық ауқымдағы бұл жұмыс барлық саланың, соның ішінде спорт саласының дамуына айрықша серпін беретініне назар аударды.
"Бағдарлама аясында жаңа спорт нысандары мен инклюзивті орталықтар бой көтереді. Қазақстанда әрбір баланың спортпен айналысуға мүмкіндігі болуы керек", – деді мемлекет басшысы.
Президент дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғаған спортшылардың жетістіктеріне тоқталып өтті.
"Азия ойындарында бақ сынаған белгілі спортшымыз Темірлан Тілеулестің есімі де отандық және әлемдік спорт тарихында қалатыны сөзсіз. Ол таэквондодан ел тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Боксшыларымыз Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай чемпион атанып, ел намысын абыроймен қорғады.
Қазақстанның мақтанышы атанған тағы бір спортшымыз – Софья Берульцева. Софья Азиаданың екі дүркін чемпионы атанды. Қазақстан тарихында алғаш рет Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанған Алексей Луценко арамызда отыр. Ол Жапонияда өткен Жазғы Азия ойындарында жекелей және топтық веложарыста қос алтын медальді жеңіп алды. Параазия ойындарының екі мәрте чемпионы атанған Давид Дегтярев кәсібиліктің, ерліктің әрі жеңіске деген құштарлықтың жарқын үлгісін көрсетті", – деп атап өтті Тоқаев.
Президент кез келген жеңісті жылдар бойғы дайындық пен үздіксіз еңбектің нәтижесі деп атады.
"Еліміз үшін әр медальдің орны бөлек, құндылығы жоғары. Мен осы жерде отырған спортшыларға алғыс айтамын. Чемпион болу спортшыға зор жауапкершілік жүктейді. Жеңіс тұғырына шыққан әр спортшының жолы – кәсіби спортқа бет бұрған жастар үшін үлгі-өнеге", – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Хоккей - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.11.2026
Қазақстан хоккейшілері қатарынан үшінші рет Азия чемпионы атанды
Жаңалықтар
0