"Қазпошта" мен "Қазақтелеком" бірлесіп Жамбыл тұрғынына ай сайын 177 мың төлейді

© Sputnik / Абзал Калиев"Қазақтелеком" АҚ
Қазақтелеком АҚ - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.11.2026
Жазылу
Бұл ақы жәбірленуші зейнетке шыққанша төленеді
АСТАНА, 5 қараша – Sputnik. Жамбыл облысында басына шатыр құлауынан зардап шеккен тұрғынға "Қазпошта" мен "Қазақтелеком" бірлесіп ай сайын 177 мың төлейді, деп хабарлады Жамбыл облыстық соты.
Бұл ақы жәбірленуші зейнетке шыққанша төленеді.
Оқиға 2023 жылдың мамыр айында болған. Жамбыл ауданы Аса ауылында қатты жел салдарынан ғимарат шатыры ұшып, әйелге құлаған. Ал ол ғимараттың меншік иелері - "Қазпошта" мен "Қазақтелеком" АҚ. Оқиға салдарынан талап қоюшы ауыр дене жарақатын алып, 1 топтағы мүгедек болып қалған.
2024 жылы аудандық сотының шешімімен талап қоюшының пайдасына 8,5 млн теңгеден астам материалдық зиян, 10 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян өтелді. Кейіннен облыстық соттың қаулысымен материалдық залал сомасы 4,3 млн теңгеге дейін төмендетілді.
"Жәбірленуші денсаулығына келтірілген ауыр залалға байланысты ем алуды жалғастырып жатқанын алға тартып, сотқа қайта жүгінген. Ол ай сайын 218 мың теңге көлемінде жоғалған табысын өндіріп алды сұраған, өйткені алған жарақаттарының салдарынан ол жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылған", - деп жазылған хабарламада.
Жамбыл аудандық соты емдеу шығындары өтелуге жатады деген қорытындыға келіп, еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін (90%) ескере отырып, ай сайын 177 мың теңгеден жоғалған табыс мөлшерін анықтады. Жауапкерлер көрсетілген соманы талап қоюшы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін ай сайын төлеуге міндетті.
Сонымен қатар "Қазпошта" мен "Қазақтелеком" АҚ-нан 1,4 млн теңгеден астам материалдық шығын мен мемлекеттік баж салығы бірлесіп өндірілді.
Сот актілері заңды күшіне енді.
Операция, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.10.2026
Ақтауда сапасыз пластикалық ота жасаған дәрігер 3 млн теңге өтемақы төлейді
Жаңалықтар
0