Салымшылар зейнетақы жинағының кірістілігіне ықпал ете алады

© Sputnik/Ертай СарбасовДом престарелых
Дом престарелых - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.11.2026
Жазылу
Жеке басқарушы компанияларды таңдаған салымшыларға арналған жаңа инвестициялық портфельдер әзірленді
АСТАНА, 4 қараша – Sputnik. Зейнетақы жинағын жеке басқарушы компанияларға беретін қазақстандықтар енді инвестициялық портфельді өздері таңдай алады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
Яғни салымшылар өздерінің жасына және тәуекелге баруға дайындығына қарай инвестициялау стратегиясын таңдай алады. Барлығы үш портфель ұсынылады:
1.
Консервативті портфель – жасына қарамастан барлығына қолжетімді. Негізінен облигацияларға бағытталған. Басқарушының нәтижесі әр жылдың қорытындысы бойынша бағаланады.
2.
Қалыпты портфель – зейнет жасына дейін үш жылдан астам уақыт қалған азаматтарға арналған. Акциялар мен облигацияларды қамтиды. Нәтижесі үш жылдың қорытындысы бойынша бағаланады.
3.
Тәуекелді портфель – зейнет жасына дейін 13 жылдан астам уақыт қалған азаматтарға арналған. Негізінен акцияларға бағытталған. Ықтимал табысы жоғары болғанымен, құнының ауытқуы да күштірек болады. Нәтижесі бес жылдың қорытындысы бойынша бағаланады.
"Әрбір портфель үшін өзіндік бағдар – қазақстандық және әлемдік акциялар мен облигациялардың жиынтық нарықтық индексі белгіленген. Басқарушының нәтижесі осы индекспен салыстырылады. Сонымен қатар ең төменгі кірістілік деңгейі де қарастырылған. Ол консервативті портфель үшін бағдарлық көрсеткіш кірістілігінің 90%-ын, қалыпты портфель үшін 85%-ын, ал тәуекелді портфель үшін 80%-ын құрайды", – деп түсіндірді агенттік.
Егер белгілі бір кезеңнің қорытындысы бойынша кірістілік ең төменгі деңгейден төмен болса, басқарушы айырманы өз капиталы есебінен салымшыларға өтейді.
Сондай-ақ әр портфель үшін шетел валютасындағы инвестициялардың үлесіне шектеу қойылған. Консервативті портфельде ол 40%-дан, қалыпты портфельде 70%-дан, ал тәуекелді портфельде 80%-дан аспауға тиіс.
"Зейнетақы жинағын бірнеше басқарушы компания арасында немесе бір басқарушының бірнеше портфелі арасында бөлуге болады. Бір басқарушының басқа портфеліне ауысу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) сайты арқылы өтініш беру қажет. Мұны жылына бір реттен жиі жасауға болмайды.
Салымшының жасы таңдалған портфель талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, БЖЗҚ оның жинақтарын сол басқарушының жасына сәйкес келетін портфеліне өздігінен аударады. Егер мұндай портфель болмаса, салымшыға басқа басқарушыны таңдау немесе жинақтарын Ұлттық банктің басқаруына қайтару мүмкіндігі беріледі. Бұл туралы БЖЗҚ алдын ала хабарлайды", – деп мәлімдеді агенттік.
Басқарушы компания портфельді жаба алады. Алайда бұл туралы салымшыларға бір жыл бұрын ескертуге тиіс. Сонымен қатар оның басқаруында кемінде бір портфель қалуы қажет.
Айта кетері, 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап салымшылар зейнетақы жинағының 100%-ына дейінгі бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) басқаруына бере алады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 50%-ды құраған.
Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін алты жеке басқарушы компания басқарады:
"Alatau City Invest" АҚ;
"BCC Invest" АҚ;
"Halyk Global Markets" АҚ;
"Halyk Finance" АҚ;
"Сентрас Секьюритиз" АҚ;
"Tansar Capital" АҚ.
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша олардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің көлемі 205,8 млрд теңгені құраған. Бұл компанияларға 208 мыңнан астам салымшы жинағын сеніп тапсырған.
Тенге, монеты - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.10.2026
Жаңа ережеден кейін зейнетақы жинағын жеке компанияларға аударғандар көбейді
Жаңалықтар
0