Құрылтайда 6,5 мың педагогтың жалақысына қатысты мәселе көтерілді

© Sputnik / Санат ИмангалиевКурултай
Курултай - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.10.2026
Жазылу
Айнагүл Балташева педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен жалақысын есептеу тәртібін нақтылап, бірыңғай жүйе енгізуді ұсынды
АСТАНА, 21 қазан – Sputnik. Құрылтай депутаты Айнагүл Балташева педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеу тәртібін нақтылау қажеттігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңға жуық бала бар. Олармен 6,5 мыңға жуық педагог-ассистент жұмыс істейді.
Депутаттың айтуынша, педагог-ассистенттер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне, өзіне деген сенімін қалыптастыруына және дербестік дағдыларын дамытуына көмектеседі.
"Педагог-ассистент – баланың жанында жай ғана жүретін қызметкер емес. Ол ерекше баланың білім алуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне, өзіне деген сенімін қалыптастыруына және дербестік дағдыларын дамытуына кәсіби қолдау көрсететін маман. Алайда бүгінгі таңда педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын нормативтік реттеу мәселесі толық шешімін таппай отыр", – деді Балташева Құрылтай отырысында.
Қолданыстағы қағидаларда педагог-ассистенттердің лауазымдық міндеттері мен біліктілік санатына байланысты қосымша ақы қарастырылған. Алайда депутат апталық нормативтік оқу жүктемесі мен жұмыс уақытын есептеу тәртібін нақтылау қажет екенін атап өтті.
"Бұған дейін педагог-ассистенттердің еңбекақысын есептеуде аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі қолданылған. Қазіргі нормативтік реттеудегі айқындықтың жеткіліксіздігі өңірлерде жұмыс уақытын әркелкі есептеуге жол береді. Бұл мамандардың тұрақтылығына және ерекше балаларға көрсетілетін қолдаудың сапасына тікелей әсер етеді", – деді депутат.
Осыған байланысты "Әділет" фракциясы Оқу-ағарту министрлігіне бірнеше ұсыныс жолдады. Атап айтқанда:
педагог-ассистенттердің аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесін құқықтық тұрғыдан нақты бекіту;
баланы тікелей сүйемелдеуге, сабаққа дайындалуға, педагогтермен бірлесіп жұмыс істеуге және құжаттама жүргізуге жұмсалатын уақытты нақты есепке алу;
педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеудің республика бойынша бірыңғай тәртібін енгізу.
Жайлы мектеп - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.10.2026
Қазақстанда 600 мыңға жуық педагог білім беру саласында еңбек етеді
Жаңалықтар
0