Дубайдағы пәтерлер: Перизат Қайраттың туыстарына қатысты тексеру жүргізілді

© Sputnik / Екатерина Чеснокова / Медиабанкке өтуДубай
Дубай - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.10.2026
Жазылу
Перизат Қайраттың туыстары одан бөлек тұрып, дербес кәсіпкерлік қызмет жүргізген
АСТАНА, 12 қазан – Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігі сотталған Перизат Қайраттың туыстарына тиесілі Дубайдағы пәтерлерге қатысты ақпаратты тексеріп, олардың қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынғаны туралы болжам расталмағанын мәлімдеді.
Бұған анонимді Telegram каналдардың бірінде Перизат Қайраттың туыстарына Дубайда бірнеше пәтер тиесілі екені туралы ақпараттың жариялануы себеп болған.
"Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі аталған адамдардың жылжымайтын мүлікті П. Қайраттың қылмыстық жолмен тапқан ақшасына сатып алуы мүмкін деген болжамды тексерген. Алайда бұл болжам расталмады", – деп хабарлады агенттік.
Ведомствоның мәліметінше, тергеу барысында барлық қаржылық операция жан-жақты талданып, жымқырылған ақшаны заңдастырудың бүкіл тізбегі анықталған.
Сондай-ақ агенттік А. мен оның отбасы мүшелерінің Перизат Қайраттың отбасымен қандай да бір қаржылық есеп айырысу жүргізгені анықталмағанын атап өтті. Жарияланымдарда сөз болған жылжымайтын мүлік 2011-2019 жылдары, яғни "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоры құрылмай тұрып және Перизат Қайрат қылмыстық әрекетке кіріскенге дейін сатып алынған.
Агенттіктің хабарлауынша, А. есімді азамат пен оның жұбайы 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлікті сатып алу және қайта сату кәсібімен айналысып келеді. Олар Перизат Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін де дербес жүргізген.
Қаржылық мониторинг агенттігі Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес, мүлікті бұғаттау және тәркілеу үшін оның қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер болуы қажет екенін еске салды.
"Күдіктілермен туыстық байланысы бар деген себептің өзі адамды қылмыстық жауапқа тартуға және мүлкін тәркілеуге заңды негіз бола алмайды", – деп атап өтті ведомство.
Еске салайық, Перизат Қайрат қайырымдылыққа жиналған қаражатты иемденіп, оны автокөліктер мен пәтерлер сатып алуға жұмсаған. Сондай-ақ пәтерлерді жөндеп, жиһазбен жабдықтаған. Қор қаражатына қымбат брендтердің киімдері мен әшекей бұйымдарын сатып алып, бизнес-класпен ұшуға, сәнді қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына баруға ақша жұмсаған.
Сот үкімімен Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Перизат Қайрат - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.07.2025
Перизат Қайратқа сот үкімі шықты
Жаңалықтар
0