Перизат Қайратқа сот үкімі шықты

© Photo : Әлеуметттік желіПеризат Қайрат
Перизат Қайрат - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.07.2025
Жазылу
АСТАНА, 25 шілде - Sputnik. Перизат Қайрат 10 жылға , ал оның анасы Гайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына сілтеме жасап.
Сот 2021 жылдың қарашасынан 2023 жылдың қазанына дейін Перизат пен анасы оңалту орталығын саламыз, мүгедек балаларға көмек көрсетеміз, қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырамыз деген сылтаумен 126,7 млн теңгені алаяқтық жолмен жинап, иеленгенін анықтады.
Сондай-ақ 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың сәуіріне дейін Палестина халқына көмек көрсетеміз деген сылтаумен 559,1 млн теңгені заңсыз иеленген.
Ал 2024 жылдың 1 сәуірі мен қарашасы аралығында Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілген кезде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетеміз деген желеумен 2,8 млрд теңге көлемінде қаражат жинап, иемденген. Жалпы келтірілген шығын көлемі 3,5 млрд теңгені құраған.
"Жиналған қаражаттар "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігінің шотына түскен соң, К. оларды өзінің және А.-ның жеке шоттарына аударған. Олар қылмыстық жолмен алынған кірістерді гүл бизнесін сатып алу және жалған мәмілелер жасау арқылы заңдастырған", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар Перизат Қайрат пен Гайни Алашбаева ұрланған ақшаны қымбат жылжымайтын мүлік, автокөліктер, әшекейлер, киім-кешек, жиһаз сатып алуға, демалыстар мен жөндеу жұмыстарының ақысын төлеуге жұмсаған.
Сотталушылар кінәсін мойындамай, өздерін ақтауды сұрады.
"Сот Перизат Қайратты 10 жылға, Гайни Алашбаеваны 7 жылға бас бостандығынан айыру (оның қарт жасын ескере отырып) жазасын кесуді әділетті деп санады", - деп жазылған хабарламада.
Сот үкімімен олар 10 жыл мерзімге қайырымдылық қаражаттарын жинаумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды (заңда көзделген ең ұзақ мерзім).
Ұрланған қаражатқа сатып алынған мүліктері:
"Vela Village" коттедж қалашығындағы жеке үй;
"Akbulak Riviera", "Sensata Plaza", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен тұрақ орындары;
"Mercedes-Benz S450" 2024 ж., "Lexus LX 600" 2024 ж.;
"Rebel Flowers" ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100% үлесі;
97 млн теңгеден астам қаражат және 22 мың АҚШ доллары тәркіленді.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, прокурор Перизат Қайратты 10 жылға , анасын 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
Прокурорлар Перизат Қайратты 10 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.07.2025
Прокурор Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Жаңалықтар
0