Қазақстанда жаңа астық экспорты сегіз айда 14%-ға өсті

Зерно - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.09.2026
Жазылу
ҚТЖ-ның мәліметінше, республикаішілік тасымал көлемі де 8%-ға өсіп, 2,1 млн тоннаны құрады
АСТАНА, 22 қыркүйек — Sputnik. Қазақстанда қаңтар-тамыз айларында жаңа егін астығының экспорты 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға өсіп, 7,2 млн тоннаға жетті. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы хабарлады.
Бұл мәселе Қостанай мен Көкшетауда ҚТЖ-ның Астық штабының көшпелі отырыстарында талқыланды.
"Тамыз айында рекордтық айлық көлем – 1,2 млн тонна тіркелді. Бұл 2025 жылғы тамыз көрсеткішінен 35%-ға жоғары. 2026 жылғы қаңтар-тамыз аралығында ҚТЖ желісі бойынша 9,3 млн тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға артық", – делінген хабарламада.
Компанияның мәліметінше, жаңа егінді тиеу көлемі бойынша Ақмола облысы көш бастап тұр.
Тамыз айының басынан бері мұнда шамамен 520 мың тонна астық жөнелтілді. Бұл осы кезеңдегі ел бойынша жалпы тиеу көлемінің 31%-ын құрайды. Республика бойынша осы кезеңде барлығы 1,7 млн тонна астық тиелген.
Ақмола облысынан 409 мың тонна астық экспортқа, 111 мың тоннасы республикаішілік қатынаста жөнелтілді. Осылайша, облыстан жөнелтілген астықтың шамамен 79%-ы сыртқы нарықтарға бағытталған.
Сонымен қатар астық маусымы басталғалы бері облыстан шамамен 80 маршруттық құрам жөнелтілді.
"Маршруттық жөнелту астықты техникалық станцияларда қайта өңдеусіз тікелей межелі станцияға жеткізу арқылы тасымалдау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде вагондар келесі тиеу үшін тезірек босатылады", – делінген хабарламада.
Қостанай облысы да еліміздің ірі астық өңірлерінің қатарында. Сегіз айда мұнда 1,8 млн тоннадан астам астық тиелді. Оның 1,4 млн тоннадан астамы экспортқа, 405,5 мың тоннасы республикаішілік қатынасқа жөнелтілді.
Негізгі экспорттық бағыт – Өзбекстан. Бұл елге облыстан 606,4 мың тонна астық жөнелтілді. Бұл Қостанай облысынан экспортталған астықтың 43%-ын құрайды. Сондай-ақ:
Ресейге – 169,6 мың тонна,
Ауғанстанға – 135,6 мың тонна,
Тәжікстанға – 133,5 мың тонна,
Қытайға – 84,1 мың тонна астық жөнелтілді.
Астық Әзербайжан, Қырғызстан, Беларусь, Латвия, Эстония және Түрікменстанға да жеткізілді.
ҚТЖ жаңа егінді тасымалдауға дайын екенін мәлімдеді. Теміржол желісінде шамамен 16 мың астық тасымалдаушы, 17,8 мыңнан астам жабық вагон және 1 710 локомотив тартылған. Жыл басынан бері локомотив паркі 169 машинамен толықты.
Қыркүйек айында жекелеген учаскелерде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл ретте бағыттардың басым бөлігінде өткізу қабілеті сақталады немесе артады.
Экспорттық тасымалдарды қамтамасыз ету үшін жекелеген бағыттарда төмендетілген тарифтер қолданылуда.
Өзбекстан аумағындағы Келес – Ғалаба учаскесінде тасымалдау көлеміне қарай 30%-дан 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған. Келес – Ходжадавлет және Қарақалпақстан – Ғалаба учаскелерінде сәйкесінше 60% және 40% жеңілдіктер қолданылады.
Түрікменстан аумағында маршрутқа байланысты 30%-дан 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған.
Ал Кигаш–Самур бағыты бойынша Ресей аумағында 40% жеңілдік, Калининград теміржолының қатысуымен тасымалдау кезінде 20% жеңілдік қолданылады.
Отырыстар барысында қатысушылар тасымалдауды ұйымдастыру, фитосанитариялық бақылаудан өту және астықты экспорттық бағыттар бойынша жөнелту мәселелерін қарады.
Токаев ознакомился с ходом уборочной кампании в Акмолинской области - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.09.2026
Қазақстанда 16,2 млн тонна астық жиналды
Жаңалықтар
0