Алматыда дәрігерлер 740 грамм салмақпен дүниеге келген сәбидің өмірі үшін 80 күн күресті

© Photo : ҚР Денсаулық сақтау министрлігіЖүктіліктің 26-шы аптасында дүниеге келген сәбидің салмағы бар болғаны 740 грамм болды
Жүктіліктің 26-шы аптасында дүниеге келген сәбидің салмағы бар болғаны 740 грамм болды - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.09.2026
Жазылу
Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету бойынша Орталық Азияда жетекші орындардың бірін иеленеді
АСТАНА, 5 қыркүйек – Sputnik. Бар болғаны 740 грамм – жүктіліктің 26-аптасында дүниеге келген сәбидің салмағы осындай болды. Бүгінде ол анасымен бірге үйде. Оның өмірі үшін Алматы қаласының №2 қалалық перинаталдық орталығының дәрігерлері 80 күн бойы күресті, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Сәби шұғыл кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Жүктілік плацентаның ажырауы және қан кетумен асқынған. Жүктіліктің небәрі 26 аптасында әр грамм мен әрбір тыныстың маңызы зор болды.

Өмірінің алғашқы минуттарынан бастап жаңа туған нәрестеге қарқынды медициналық көмек қажет болды.
"Сәби 40 күн бойы жасанды тыныс алдыру аппаратында болды. Одан кейін тағы екі аптаға жуық уақыт бойы мұрын арқылы СИПАП әдісімен тыныс алу қолдауын алды", – дейді Алматы қаласы №2 қалалық перинаталдық орталығының директоры Светлана Рахимова.
Жалпы алғанда, кішкентай пациент жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және қарқынды терапия бөлімінде 56 күн жатты.

Мұндай балалар үшін өздігінен тыныс алуға көшу, жағдайының тұрақтануы және үйге шығу – нағыз күрес. Әр күннің артында тәулік бойы бақылау, нәрестелерді күтіп-баптаудың заманауи әдістері және дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің орасан зор еңбегі тұр.

Баланың жағдайы жақсарғаннан кейін ол реанимация бөлімінен әрі қарай күтім жасау және оңалту үшін тиісті бөлімшеге ауыстырылды.

"Содан кейін көптен күткен күн де жетті. Өмірінің 80-тәулігінде сәби үйіне шығарылды.
Салмағы небәрі 740 грамм болған кішкентай сәби өмірінің алғашқы ең күрделі кезеңдерінің бірінен өтіп, нағыз кішкентай жеңімпазға айналды", - дейді дәрігерлер.

Министрліктің хабарлауынша, бүгінде Қазақстан жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету бойынша Орталық Азияда жетекші орындардың бірін иеленеді.

Дүниежүзілік банк, ДДҰ, ЮНИСЕФ, БҰҰ және IGME бірлескен есебінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы еліміздегі неонаталдық өлім деңгейі (өмірінің алғашқы 28 күніндегі өлім) 1000 жаңа туған нәрестеге шаққанда 3,04 жағдайды құрады. Бұл – өңірдегі ең үздік көрсеткіш және АҚШ көрсеткішіне жуық.
Шымкент қаласында алғашқы рет сирек кездесетін күрделі ота сәтті жасалды - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.12.2025
Шымкентте сирек кездесетін ота сәтті жасалды

Жаңалықтар
0