Қазақстанда үш жылда 95 көкөніс қоймасы пайдалануға берілді

© Sputnik / Санат Имангалиев
Жазылу
Басты назар картоп, көкөніс және жеміс-көкөніс өнімдерін өндіруге маманданған өңірлерге аударылады
АСТАНА, 2 қыркүйек – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2023–2025 жылдарға арналған көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспардың қалай орындалғанын баяндады.
"Кешенді жоспарға сәйкес жалпы сыйымдылығы 689,9 мың тоннаны құрайтын 92 жобаны іске асыру көзделген. 2023–2025 жылдардың қорытындысы бойынша жалпы сыйымдылығы 745,6 мың тонна болатын 95 көкөніс қоймасы пайдалануға берілді", – деп хабарлады ведомство.
2025 жылы көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жобалары 11 облыс пен Шымкент қаласында іске асырылды.
Саланы одан әрі қалай дамыту жоспарланып отыр
Қуаттарды одан әрі арттыру үшін мемлекет тарапынан инвестициялық қолдау шаралары қарастырылған.
Мемлекет агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің инвестициялық салымдарға жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты №22 "Сыйымдылығы 1 000 тоннадан басталатын картоп-көкөніс қоймаларын салу, кеңейту" жобасының паспортына өзгерістер енгізілді.
"Инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеу мөлшері 25%-дан 40–50%-ға дейін ұлғайтылды. Нысанның жабдықталуына қарай салқындату жабдығы бар жобалар үшін субсидиялау мөлшері 50%-ға дейін, ал желдету жабдығы бар жобалар үшін 40%-ға дейін белгіленген", – делінген хабарламада.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы тарату бағдарламасы аясында көкөніс қоймаларын салуға жеңілдетілген қаржыландыру қарастырылған.
"Жобаларды қаржыландыру сенім білдірілген агент арқылы жылдық 2,5% мөлшерлемемен, 10 жылға дейінгі мерзімге жүзеге асырылады", – делінген хабарламада.
Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 2,56 млн тоннаны құрайтын 941 көкөніс қоймасы жұмыс істейді.
Ең жоғары сақтау қуаттары:
Павлодар облысында – 591,5 мың тонна;
Жамбыл облысында – 375 мың тонна;
Қарағанды облысында – 357,8 мың тонна;
Түркістан облысында – 184,9 мың тонна;
Шымкентте – 130,5 мың тонна;
Алматы облысында – 128,2 мың тонна;
Маңғыстау облысында – 105,5 мың тонна;
Ақмола облысында – 104,8 мың тонна;
Солтүстік Қазақстан облысында – 104,8 мың тонна.
