Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді

Білім күні - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.09.2026
Жазылу
Жаңа оқу жылында мектептерде профилактикалық медициналық тексерулер мен мектеп медицинасының жаңартылған жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі
АСТАНА, 1 қыркүйек – Sputnik. Осы айдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағын толығымен сенімгерлік басқаруға бере алады. Мектепте оқушылардың білімін бағалау жүйесі ғана емес, медициналық тексеріс жасау тәртібі де өзгереді. Жаңа пәндер де енгізіледі. Ал салықшыларға кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру керек. Sputnik Қазақстан қыркүйек айында болатын негізгі өзгерістерді ұсынады.

Мұғалімдерге гүл беруге бола ма

Оқу-ағарту министрлігі мектеп қабырғасында мұғалімдерге сыйлық беруге тыйым салып отыр. Вице-министр Шынар Ақпарованың айтуынша, гүл де апаруға болмайды.

"Мектеп қабырғасында гүл мен қандай да бір сыйлықтар сыйлауға жол берілмейді. Оны біз бөлек жазып көрсеттік. Сондықтан бұған қажеттілік жоқ", – деді Ақпарова орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

БЖБ пен ТЖБ болмайды

Жаңа оқу жылында 2-4 сыныптарда формативтік бағалау тәртібі өзгереді. Ал БЖБ мен ТЖБ-ның орнына аралық бағалау енгізіледі. Атап айтқанда, формативтік бағалау арқылы оқушының бір ғана тапсырмасын емес, сабақ басталғаннан аяқталғанға дейінгі барлық оқу әрекеті тұтастай ескеріледі. Әр пән бойынша бір тоқсанда 30 сабақ өткізілсе, оқушы кемінде 9 сабақта формативтік балл алуға тиіс. Бұл – ең төменгі талап.
Аралық бағалау белгілі бір бөлім немесе бөлімдер аяқталғаннан кейін сол кезеңде меңгерілген білім мен дағдыларды қорытындылайды. Оны диктант, бақылау жұмысы, шығарма және мазмұндама арқылы бағалайды.
Аралық бағалаудың ең жоғары балы:
2-сыныпта – 12 балға дейін;
3-сыныпта – 14 балға дейін;
4-сыныпта – 16 балға дейін.

Жаңа пәндер

1 қыркүйектен бастап мектепте жаңа пәндер мен міндетті курстар да енгізіледі.
5–7-сыныпта – "Конституция негіздері" пәні;
8–11-сыныптарда – "Заң мен тәртіп" міндетті курсы;
5–11-сыныптарда – "Жеке қауіпсіздік" міндетті курсы.
Ал келесі оқу жылынан бастап 8–9-сыныптарда "Қазақстан географиясы" пәні қайта енгізіледі.
Сондай-ақ, клубтар, үйірмелер мен әскери-патриоттық сыныптар "Жас айбын" бірыңғай мәртебесімен біріктіріледі. Жоба қатысушылары үшін келісімшарт бойынша әскери қызметке және әскери оқу орындарына түсу кезінде ынталандыру шаралары қарастырылған.

Медициналық тексеру қалай өзгереді

Жаңа оқу жылында мектептерде профилактикалық медициналық тексерулер мен мектеп медицинасының жаңартылған жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі.
Балаларды тексеру кезінде цифрлық электрокардиографтар, фонендоскоптар, пульсоксиметрлер, отоскоптар және басқа да заманауи диагностикалық құралдар пайдаланылады.
Баланың денсаулығына қатысты мәліметтер цифрлық жүйелерде жинақталады. Бұл медициналық тексеру нәтижелерін, қауіп факторларын және мамандарға жолдамаларды бір жүйеде бақылауға мүмкіндік береді.

Зейнетақы жинағын толығымен аударуға болады

7 қыркүйектен бастап Бірыңғай зейнетақы қорында жиналған ақшаны толығымен сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұған дейін тек 50 процентін аударуға рұқсат болған.
Зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға беру үшін өтініш жазылады. Ал өтініш жіберілмесе, жинақ бұрынғыдай қорда қалады. Оны ұлттық банк басқара береді.
Бұған дейін Әлеуметтік кодекске "Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдері" атты жаңа бап енгізілген болатын.

Декларацияны тапсыруды ұмытпаңыз

2026 жыл бойынша кірістер мен мүлік туралы 270.00 нысанындағы декларацияны тапсырудың соңғы күні - 15 қыркүйек.
Бұл декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке практикамен айналысатын азаматтар, цифрлық актив иелері және өз бетінше салық төлеуге міндетті табыс алған адамдар тапсырады.
Сондай-ақ, бір жылдың ішінде жалпы құны 20 000 АЕК-тен, яғни шамамен 86,5 млн теңгеден асатын ірі сатып алулар да декларацияда көрсетіледі. Бұған жылжымайтын мүлік, автокөлік, арнайы техника, ЖШС-дегі үлес, бағалы қағаздар, тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі және инвестициялық алтын жатады.
Ал декларацияны тапсырудың нәтижесінде жеке табыс салығын төлеу міндеті туындаса, оны 2026 жылғы 25 қыркүйекке дейін төлеу қажет.

Жаңа университет ашылады

Жаңа оқу жылында Астанадағы Қазақ зерттеу жасанды интеллект университеті студенттерді оқытуды бастайды. Оған шамаман 600 білім алушы қабылданады. Бакалавариатта 400 студент оқиды. Соның ішінде 308 талапкер - мемлекеттік грант иегері.
Бұдан бөлек, ақылы бөлім мен магистратура бағдарламасына 100 адам қабылданады. Ал "Самұрық-Қазына" өзінің 100 қызметкерін MBA AI+X бағдарламасы бойынша оқытады.

Тұрғын үйді бөлу тәртібі өзгереді

Қыркүйекте мемлекеттік және жалға берілетін тұрғын үйді, сондай-ақ жеңілдетілген ипотекалық қарыздарды бөлуге қатысты жаңа талаптар күшіне енеді.
Қолжетімді тұрғын үйдің кемінде 70%-ы жеңілдік санатына жататын азаматтарға беріледі. Оның ішінде кемінде 20%-ы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, тағы кемінде 50%-ы әлеуметтік осал топтарға қарастырылады.
Алайда жеңілдік мәртебесінің болуы жеткіліксіз. Үміткер тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұруы керек. Сонымен бірге отбасының табысы, құрамы және кезектілігі ескеріледі.

Жалдамалы баспананы өзіңіз таңдайсыз

Осы айдан бастап ауылдық елді мекендердегі мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйді бөлу тәртібі де өзгереді.
Тұрғын үйге мұқтаждар кезегінде тұрған азаматтарға өз ауданы аумағындағы қолжетімді жалдамалы баспананы өз бетінше таңдау мүмкіндігі беріледі.
Өтінім қабылдаудың алғашқы кезеңі 1-7 қыркүйек аралығында "Отбасы банк" платформасы арқылы жүргізіледі. Өтінім беру үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет.

Паспорт рәсімдеу мерзімі қысқарады

1 қыркүйектен бастап шетелде жүрген Қазақстан азаматтары үшін кейбір консулдықтарда паспорт рәсімдеу мерзімі үш айдан 40 күнге дейін қысқарады.
Құжатты рәсімдеу мерзімі дипломатиялық өкілдіктің цифрлық жүйеге қосылғанына я қосылмағанына қарай 40 жұмыс күнінен 90 күнтізбелік күнге дейін болуы мүмкін.

Әуежай өз жұмысын бастайды

1 қыркүйектен бастап Павлодар әуежайы жұмысын бастайды. Рейстер алдымен Алматы мен Астанаға орындалады.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, Астана бағытындағы әуе билеттерінің құны ары қарай да субсидияланады. Әзірге баға бұрынғыша 20 мың теңге көлемінде қалады. Бірақ өсуі де мүмкін.
Жаңалықтар
0