Әйел курьерлерді қолдауға арналған пилоттық жоба іске қосылады

© Sputnik/Ертай СарбасовЯндекс жеткізу
Яндекс жеткізу - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.08.2026
Жазылу
Көмектің нақты түрі мен көлемі әр адамға жеке белгіленеді
АСТАНА, 27 тамыз – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Yandex Qazaqstan компаниялар тобы мен "Іскер" қолдау орталығы әйел курьерлерге әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жаңа жоба қиын жағдайға тап болған әйел курьерлерге көмек көрсетуді көздейді. Ал көмектің нақты түрі мен көлемі әр адамға жеке белгіленеді. Бұл ретте әйелдің өмірлік жағдайы, отбасының қажеттілігі және жобаның талаптары ескеріледі.
"Іскер" қолдау орталығының директоры Толқын Саметованың айтуынша, қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету кезінде әр адамның қажеттілігі мен жағдайын жеке қарастыру қажет.
"Жоба аясында әр қатысушымен жеке жұмыс істеп, оның қажеттілігіне қарай қандай қолдау қажет екенін анықтауды жоспарлап отырмыз. Қордың құқықтық, психологиялық және гуманитарлық көмек көрсету тәжірибесі әйелдер мен олардың отбасыларына нақты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді", – дейді Саметова.
Пилоттық жобаға Yandex Go мобильді қосымшасындағы "Тамақ", Lavka және "Жеткізу" сервистері арқылы тапсырыс орындайтын әйелдер қатыса алады. Ол үшін әйел курьерлер кемінде төрт апта бойы осы сервистерді пайдалануы керек.
Өтініштерді іріктеу кезінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматшаларға басымдық беріледі. Олардың қатарында балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған және көпбалалы аналар, мүгедектігі бар тұлғалар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды бағып отырған аналар, сондай-ақ ауыр науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын жандар бар.
Қатысу шарттары мен өтініш беру тәртібі туралы толық ақпаратты Yandex Pro мобильді қосымшасындағы "Ынтымақтастық туралы негізгі ақпарат" бөлімінен, "Әйел курьерлерге көмек" мақаласынан білуге болады. Қосымша ақпаратты тиісті сервистің қолдау қызметінен де алуға болады.
Жоба әзірге пилоттық режимде іске асырылады. Соның нәтижесінде тараптар азаматтардың қолдау шараларына қажеттілігін зерделеп, ұсынылатын көмектің іс жүзіндегі тиімділігін бағалайды.
Женщина с ребенком в коляске, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.06.2026
Курьер болып қосымша жұмыс істейтін аналар жәрдемақылардан айырыла ма
Жаңалықтар
0