Атырауға шұғыл қонған ұшақта жолаушы көз жұмды

© Sputnik / Максим Блинов / Медиабанкке өтуСамолет, архивное фото
Самолет, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.08.2026
Жазылу
Борттағы ер адамның жағдайы күрт нашарлаған
АСТАНА, 26 тамыз – Sputnik. Атырауға шұғыл қонған "Аэрофлот" әуе компаниясының ұшағында бір жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ұшақ Анталия – Екатеринбург бағытымен ұшып келе жатқан. Алайда борттағы ер адамның жағдайы күрт нашарлаған. Осыған байланысты ұшақ экипажы Атырау әуежайына шұғыл қону туралы шешім қабылдаған.
Ұшақты әуежайда жедел жәрдем қызметі күтіп алды. Дәрігерлер бортқа көтерілгенімен, ер адам есін жимастан көз жұмды.
Көліктегі полиция 25 тамызда адам өлімін тіркеп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тексеру жұмыстарын бастады.
"Өлімнің алдын ала себебі – жедел жүрек жеткіліксіздігі", – деп хабарлады полиция.
Марқұмның денесі ұшақтан түсірілді. Онымен бірге болған әйел де Атырауда қалды. Ал қалған жолаушылар мінген ұшақ Екатеринбургке қарай ұшып кетті.
Атырау әуежайының медициналық қызметінің басшысы Болат Қалиев оқиғаның мән-жайын баяндады.
Оның айтуынша, 25 тамыз сағат 22:50-де әуежайдың орталық диспетчерлік қызметіне Анталия – Екатеринбург бағытымен ұшып бара жатқан ұшақтың Атырау әуежайына шұғыл қонатыны туралы хабарлама түскен. Бұған борттағы 41 жастағы жолаушының денсаулығының күрт нашарлауы себеп болған.
"Оқиға туралы хабар түскен бойда жедел жәрдемнің реанимациялық бригадасы шақырылды. Ұшақ қонғаннан кейін медицина қызметкерлері клиникалық өлім жағдайындағы жолаушыға медициналық көмек көрсете бастады. Дәрігерлер дефибриллятор қолданып, жүрек-өкпе реанимациясын қоса алғанда, барлық қажетті реанимациялық шараны толық көлемде жүргізді. Алайда жүргізілген шараларға қарамастан, жедел жәрдем бригадасы жолаушының қайтыс болғанын тіркеді", - дейді Қалиев.
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.08.2025
Әуе апаты көбейді – қорқынышты статистика
Жаңалықтар
0