Солтүстік Арал теңізіне 1,2 млрд текше метр су жіберілді

Арал ауданы - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.08.2026
Жазылу
Биылғы вегетация кезеңінде теңізге секундына 14 текше метр су түсіп жатыр
АСТАНА, 19 тамыз – Sputnik. Былтыр қазан айынан бері Солтүстік Арал теңізіне 1,2 млрд текше метр су жіберілді, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Ведомство Солтүстік Арал теңізін сақтау бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Соңғы жылдары қабылданған шаралардың нәтижесінде теңізге түсетін су көлемінің тұрақты болуы қамтамасыз етілді.
Атап айтқанда, 2025 жылғы 1 қазаннан бүгінге дейін Сырдария өзені арқылы Солтүстік Арал теңізіне шамамен 1,2 млрд текше метр су жіберілді. Биылғы вегетация кезеңінде теңізге секундына 14 текше метр су түсіп жатыр.

"Солтүстік Аралды сақтау мақсатында министрлік бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның ішінде Сырдария өзені бассейніндегі суды есепке алуды автоматтандыру және гидротехникалық нысандарды реконструкциялау жұмыстары бар. Сонымен қатар көршілес мемлекеттермен өзара іс-қимыл да күшейтіліп жатыр", – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Мәселен, былтыр Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды.
Вегетация кезеңі аяқталғанға дейін су жіберу көлемін біртіндеп секундына 100-150 текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бүгінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,4 млрд текше метр.
Қызылорда облысының Арал ауданы - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.07.2026
Жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізіне тағы 1,2 млрд текше метр су жіберіледі
Жаңалықтар
0