Астана полициясы электрсамокаттарға қатысты жаңа шектеулер күшіне енетінін ескертті

© Sputnik / Санат ИмангалиевОсень в Астане
Осень в Астане - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.08.2026
Жазылу
Екі аптадан кейін электрсамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруге тыйым салынады
АСТАНА, 10 тамыз – Sputnik. Астана қаласының полиция департаменті жақын арада электрсамокаттарға қатысты жаңа шектеулер күшіне енетінін ескертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгін полицейлер жаңа талаптарды түсіндіруге арналған профилактикалық акция өткізді. Оның аясында тәртіп сақшылары волонтерлермен бірге электрсамокат мінген азаматтарға заң талаптарын түсіндіріп, 25 тамыздан бастап күшіне енетін жаңа шектеулер туралы айтты.
Екі аптадан кейін электрсамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруге тыйым салынады. Самокат мінгендер велосипед жолдары мен веложолақтармен жүруге тиіс. Ондай жолдар болмаған жағдайда көлік жүретін жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге болады.
Ал электрсамокатпен жолға шыққан адам бұған дейін күшіне енген талаптарды сақтауға міндетті. Олар:
18 жаста болу;
кез келген санаттағы жүргізуші куәлігінің болуы;
қорғаныс шлемін пайдалану;
қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді қолдану.

Кикшеринг компаниялары енгізген шектеулер

Бүгінде электрсамокаттарды жалға беретін компаниялар да заң талаптарын орындауға кірісті.
JET компаниясының елордалық филиалының директоры Әлібек Әбілқасовтың айтуынша, 1 шілдеден бастап қосымшаға тіркелу кезінде ЖСН арқылы міндетті верификация жүргізіледі. Жүйе пайдаланушының жасын тексереді және 18 жасқа толмаған адамдарға сервисті пайдалануға мүмкіндік бермейді.
"Біз ата-аналардың өз аккаунттарын балаларына берген жағдайларын анықтадық. Мұндай аккаунттар бұғатталады. Сондай-ақ бір самокатта бір адам ғана жүруі керек екенін есте ұстаған жөн. Екі адам болып жүрген пайдаланушылардың аккаунттары да бұғатталады", – деді Әбілқасов.
Сонымен қатар самокаттардың үш жеріне – жақтауына және артқы қанатына сәйкестендіру нөмірлері жазыла бастады. Бұл көлік құралын камералар арқылы анықтауға және құқық бұзушыларға қатысты шара қолдануға мүмкіндік береді.
Электрсамокаттарды тротуардың ортасына, жүріс бөлігіне, веложолға немесе автокөліктерге арналған тұрақ орындарына қалдыруға болмайды. Бұл талаптарды бұзған пайдаланушылардың аккаунттары да бұғатталуы мүмкін.
Весна в Алматы - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.04.2026
Алматыда самокат мінген балалардың ата-анасы жауапқа тартылып жатыр
Жаңалықтар
0