Chevron КҚК жұмысына кепілдік беру мәселесін АҚШ және Қазақстан билігімен талқылайды

© Sputnik / Виталий ТимкивНефтехранилище Каспийского трубопроводного консорциума
Нефтехранилище Каспийского трубопроводного консорциума - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.08.2026
Жазылу
Бұл туралы америкалық энергетикалық компанияның бас директоры Майк Вирт айтты
АСТАНА, 1 тамыз - Sputnik. Chevron компаниясы КҚК жұмысына кепілдік беру мәселесін АҚШ және Қазақстан билігімен талқылап жатыр. Бұл туралы америкалық энергетикалық компанияның бас директоры Майк Вирт мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір тараптар Каспий Құбыр Консорциумын (КҚК) Украина Қарулы күштерінің шабуылдарынан туындауы мүмкін іркілістерден қорғау жолдарын қарастырып жатыр.
Вирттің сөзінше, мұнай құбырының ұзақ уақытқа тоқтап қалу ықтималдығы төмен. Алайда мұндай жағдай орын алса, өңірдегі барлық мұнай экспорттаушылары қиындыққа тап болады.
Оның айтуынша, гипотетикалық жағдайда Chevron мұнайдың бір бөлігін теміржол арқылы немесе Каспий теңізі бағытымен қайта бағыттай алады. Дегенмен КТК мұнай тасымалдаудың негізгі әрі баламасы жоқ бағыты болып қала береді.
Каспий Құбыр Консорциумына соңғы шабуыл 30 шілдеде жасалды. Сол кезде теңіз терминалы маңында екі мұнай танкеріне дрондар соққы берген.
"КҚК теңіз терминалынан алты теңіз милі қашықтықтағы аумақтық суларда КҚК теңіз терминалына мұнай қабылдау үшін бет алған Мэн аралының туы астындағы Marathi танкеріне шабуыл жасалды", – делінген консорциум таратқан хабарламада.
Сонымен қатар дрон теңіздегі жүк тиеу терминалында мұнай тиеп жатқан Маршалл аралдарының туы астындағы Nissos Sifnos танкеріне де шабуыл жасаған. Бұл кеме "Теңізшевройл" компаниясына тиесілі.
Шабуылдан кейін танкердің жүк палубасында өрт шыққан. Өртті экипаж КҚК-ның үш қосалқы кемесінің көмегімен сөндірді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Мұнайдың төгілуіне жол берілмеді. Танкер жүзу қабілетін сақтағанымен, мұнай тиеу жұмыстары тоқтатылды.
КҚК өкілдері Қазақстанның мұндай террористік шабуылдарға жол бермеу туралы үндеулері ескерусіз қалғанын атап өтті. Компанияның мәлімдеуінше, бұл жағдай Қазақстанға ғана емес, Chevron, Total, ExxonMobil, Shell және Eni секілді ірі батыстық мұнай компанияларына да елеулі зиян келтіреді.
Бүгінде КҚК – Қазақстан мұнайын экспорттаудың негізгі бағыты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы көлемі 78,7 млн тонна мұнай экспортының 64,8 млн тоннасы КҚК жүйесі арқылы тасымалданған. Яғни Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 80 пайыздан астамы дәл осы КҚК жүйесі арқылы өтеді.
Мұнай секторы ел бюджеті кірісінің негізгі көздерінің бірі болып қала береді. 2025 жылдың бюджетіне сәйкес, Ұлттық қорға 4,88 трлн теңге ($10,4 млрд) түсім жоспарланған. Оның ішінде мұнай өндіруші компаниялардың салықтары да бар. Ал республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт көлемі 5,25 трлн теңгені ($11,23 млрд) құрады. Бұдан бөлек, мұнай компаниялары жыл сайын мемлекет бюджетіне түсетін салық түсімдерінің едәуір бөлігін қамтамасыз етеді.
Каспий құбыр консорциумының терминалындағы тиеу айлағы - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.07.2026
Энергетика министрлігі КҚК терминалы маңындағы шабуылға қатысты пікір білдірді
Жаңалықтар
0