Көбейтұз көлі аумағында шектеулер енгізілді

Жазылу
Ұлттық парктің мемлекеттік инспекторлары мен полиция қызметкерлері аумақты тәулік бойы күзетіп жүр
АСТАНА, 29 шілде – Sputnik. Ақмола облысының әкімдігі Көбейтұз көлі аумағында енгізілген шектеулердің тізімін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін президент Көбейтұз көліне ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беруді тапсырған болатын. Қазіргі кезде оны "Бұйратау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына қосу бойынша дайындық жұмыстары басталып кетті.
"Бүгінде көлге іргелес аумақта қоршаулар мен ақпараттық тақталар орнатылды. Алдағы уақытта көл аумағында қонақтар үшін арнайы автотұрақ пен шолу алаңдары пайда болады. Бұл қоршаған ортаға зиян келтірмей оны тамашалауға мүмкіндік береді", - дейді әкімдік мамандары.
Сонымен қатар, көлге қатысты бірқатар шектеулер енгізілді. Олар:
автокөлікпен кірмеу;
жағалау аумағына бармау;
шомылмау;
тұз бен емдік балшық жинамау.
Ал ұлттық парктің мемлекеттік инспекторлары мен полиция қызметкерлері аумақты тәулік бойы күзетіп жүр.
Айта кетері, Астанадан шамамен 160 шақырым жерде орналасқан Көбейтұз көлі өзінің ерекше қызғылт реңімен танымал. Осындай бірегей табиғи ерекшелік мыңдаған туристің қызығушылығын тудырып, көлге келетін адам саны жыл сайын артып келеді.
Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аумаққа айналады - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.07.2026
Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аумаққа айналады
Жаңалықтар
0