Ұялы телефоны верификациялаудан өтпегендер сатушыдан тауарды ауыстыруды талап ете алады

© Sputnik / Евгений Биятов / Медиабанкке өтуiPhone 17
iPhone 17 - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.07.2026
Жазылу
АСТАНА, 23 шілде – Sputnik. Ұялы телефоны верификациялаудан өтпеген азаматтар енді сатушыдан құрылғыны ауыстыруды немесе тауардағы кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді талап ете алады.
Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға сәйкес верификациялаудан өтпеген ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары енді тиісті емес сападағы тауарлар ретінде жіктеледі.
Осы заңның 15-бабына сәйкес, мұндай құрылғыны сатып алған тұтынушы өз таңдауы бойынша:
сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді;
тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды;
тауардағы кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді;
соған ұқсас маркалы (модельді, артикулды) тауарға ауыстыруды;
сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (модельді, артикулды) сондай тауарға ауыстыруды;
шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
Алайда, тұтынушы жоғарыда аталған талаптарды тек сатушыға ғана қоя алады.
Сондай-ақ Заңмен сатушының тауардың тиісті сапасын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеріне қатысты қосымша талап енгізілді. Енді ол ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын сату кезінде верификациялау мәртебесін тексеру үшін тұтынушыға осы тауардың сәйкестендіру кодын беруге міндетті болады.
Ал верификациялаудан өтпеген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын сатуға тыйым салады.
Сатушы мұндай тауарды өткізгенге дейін сәйкестендіру кодтарының дерекқоры арқылы өткізілетін ұялы байланыс абоненттік құрылғысының тиісті сәйкестендіру кодтарын шектеулердің немесе бұғаттаудың бар-жоғы тұрғысынан тексеруге міндетті.
"Осы талап электрондық сауданы жүзеге асыру кезінде де сақталуы тиіс. Электрондық сауда алаңдарының иеленушілері сатушы мен электрондық сауда алаңы арасында жасалатын шарттарға сатушылардың ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларын сату алдында тауарды сәйкестендіру кодтарының дерекқорында шектеулердің немесе бұғаттаудың бар-жоғы тұрғысынан тексеру міндетін қосуға тиіс", - дейді министрлікте.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сатушы тауарды сату кезінде оны сатып алу фактісін растайтын құжатты беруге міндетті.
"Мұндай құжат ретінде тауарды иелену фактісін растайтын құжат – қағаз немесе электрондық нысанда берілген бақылау (тауарлық) чегі не кассалық кіріс ордерінің түбіртегі, жыртылатын талон түбіртегі, тиісті түрде ресімделген техникалық паспорт, тауардың атауы, құны, сатып алынған күні, сатушы (дайындаушы) туралы мәліметтерді қамтитын өзге де құжат бола алады", - деп жазылған хабарламада.
Енді сатушы мұндай құжаттарда өткізілетін ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодтарын көрсетуге міндетті болады.
Айфон смартфондары - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.03.2025
Смартфондардың "қара тізімі" туралы Заң күшіне енеді - нені ескеру керек
Жаңалықтар
0