Қостанайда әйел ерін пластикасынан кейін сотқа жүгінуге мәжбүр болды

© Photo : Pixabay / aleksandra85fotoАуыз
Ауыз - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.07.2026
Жазылу
Сот жауапкердің тиісті бейіндік білімі мен лицензиясы болмай тұрып медициналық қызмет көрсеткенін анықтады
АСТАНА, 23 шілде – Sputnik. Қостанайда ерініне пластикалық ота жасаған әйел сотқа жүгінді.
Сотта анықталғандай, 2024 жылдың қазанында жауапкер талапкерге хейлопластика (ерін пластикасы) операциясын жасап, ол үшін 120 мың теңге алған. Кейін алғашқы операцияның нәтижесі талапкерді қанағаттандырмағандықтан, 2025 жылдың сәуірінде 90 мың теңгеге қайта операция жасалған.
Уәкілетті орган жүргізген тексеру барысында жауапкердің "Пластикалық хирургия" мамандығы бойынша маман сертификатының және медициналық қызметпен айналысуға арналған лицензиясының болмағаны анықталған.
"Кешенді сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, операциялар барысында тіндердің шамадан тыс алынуы салдарынан талапкердің жоғарғы ернінде тыртықты деформация қалыптасқан. Жүргізілген хирургиялық араласулар мен туындаған зардаптардың арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс анықталған. Талапкердің денсаулығына келтірілген зиян орташа ауырлықтағы зиян ретінде бағаланған", - деп жазылған облыстық сот хабарламасында.
Сот жауапкердің тиісті бейіндік білімі мен лицензиясы болмай тұрып медициналық қызмет көрсеткенін, сондай-ақ медициналық құжаттаманы рәсімдемегенін, соның салдарынан талапкердің денсаулығына зиян келтірілгенін анықтады.
Сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылды. Жауапкерден талапкердің пайдасына 210 мың теңге – операциялар үшін төленген қаражат, 700 мың теңге – моральдық зиянның өтемақысы және 457 мың теңге – сот сараптамасын жүргізуге жұмсалған шығын өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Деньги, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.04.2026
Таразда оқушы әкесін сотқа беріп, алимент өндіріп алды
Жаңалықтар
0