Тоқаев "Қазақстан-Қытай цифрлық көпірін" іске қосуды ұсынды
Жазылу
Сондай-ақ келесі жылды екі елде Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауға үндеді
АСТАНА, 17 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөйлеген сөзінде Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытудағы стратегиялық артықшылықтарына тоқталды, деп хабарлады ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөз сөйледі
Президент елордада Smart City технологиялық платформасы іске қосылғанын атап өтті.
"Көп ұзамай аталған тәжірибе Қазақстанның барлық ірі қаласында қолданылады. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласының дамуына стратегиялық тұрғыдан басымдық беріп отырмыз. Ол Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық шаһар болмақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қытайдан технологиялық компанияларды, инвесторлар мен новаторларды тарту үшін Конституцияда Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі айқындалды", – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Алматыда БҰҰ ЭСКАТО жанынан орнықты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы ашылатынын мәлімдеді.
"Қазақстан Дүнижүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы құрылтайшыларының бірі ретінде осы маңызды платформаны құрудағы Қытайдың жетекші рөлін жоғары бағалайды. Жақында ғана іргесі қаланған әрі мол әлеуетке ие ұйым жаһандағы ЖИ келешегін айқындайтын бірегей халықаралық институтқа айналатынына сенімдіміз. Ұйымның алғашқы отырысын Астанада өткізу біз үшін зор мәртебе болар еді. Сонымен қатар бұл құрылымның Орталық Азиядағы өкілдігін елімізде орналастыруды ұсынамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы трансұлттық цифрлық инфрақұрылым жасақтауға және ЖИ саласындағы саясатты өзара үйлестіруге қатысты бірқатар ұсынысты ортаға салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөз сөйледі
"Біз "Қазақстан-Қытай цифрлық көпірін" іске қосуды ұсынамыз. Басты мақсат – цифрлық сауданы жандандыру және "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында цифрлық экономикаларды ықпалдастырудың тиімді үлгісін қалыптастыру. Өңдеу секторы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару секілді салаларда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі кеңінен енгізу ісін жеделдеткен жөн", - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша ЖИ жүйелерін тестілеу мен сертификаттаудың ортақ стандарттарын түзу де өте маңызды.
"Біз жасанды интеллектіні теріс мақсатқа пайдаланудың алдын алатын, соның ішінде кибершабуыл, дипфейк, цифрлық алаяқтық пен басқа да қатерлерден қорғайтын пәрменді шаралар әзірлеуіміз керек, – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қазақстан президенті келесі жылды екі елде Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынды.
"Қытай Үкіметі мұны қолдаса, зор ризашылықпен қабылдар едік, – деп түйіндеді мемлекет басшысы.

