Қазақстан президенті Қытаймен достық саясат жүргізіп отыр - Си Цзиньпин
19:55 16.07.2026 (жаңартылды: 20:02 16.07.2026)

© Пресс-служба президента Казахстана
Жазылу
Тоқаев Қытай Халық республикасының төрағасымен келіссөз жүргізді
АСТАНА, 16 шілде – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда.
Президент Дүниежүзілік Жасанды интеллект конференциясына қатысуға шақырғаны үшін Си Цзиньпинге алғыс айтып, осы іс-шараның Шығыстың інжу-маржаны – Шанхай қаласында ұйымдастырылуы символдық мәнге ие екенін жеткізді.Сондай-ақ ҚХР төрағасын Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуымен құттықтады.
"Қытайдың халықаралық қауымдастық алдындағы беделі зор және оның жетістіктерін бүкіл әлем мойындайды. Қазіргі таңда еліңізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерді бәріміз үлкен қызығушылықпен қараймыз. Бұл, ең алдымен, Сіздің көреген басшылығыңыз бен қажырлы еңбегіңіздің арқасы деп санаймын. Қазақстан Қытаймен мәңгілік әрі стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайта беруге қашанда мүдделі. Соңғы жылдары мемлекеттеріміз арасындағы саяси диалог айтарлықтай жандана түсті", – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, тараптар сауда-экономикалық салада мол табысқа қол жеткізді.
Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Осы уақытқа дейін ҚХР еліміздің экономикасына 30 миллиард доллар инвестиция салды. Былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі 49 миллиард долларға жетті. Қазір Қазақстанда 8,5 мыңнан аса Қытай компаниясы жемісті жұмыс істеп жатыр.
Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Осы уақытқа дейін ҚХР еліміздің экономикасына 30 миллиард доллар инвестиция салды. Былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі 49 миллиард долларға жетті. Қазір Қазақстанда 8,5 мыңнан аса Қытай компаниясы жемісті жұмыс істеп жатыр.
ҚХР төрағасы Тоқаевқа ілтипат білдіріп, екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға орайлы мүмкіндік туып отырғанына назар аударды.
"Бірлескен күш-жігердің арқасында Қытай мен Қазақстанның мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігі жоғары деңгейге жетті. Өзара ықпалдастықты дамытудың әлеуеті өте зор. Қазақстан президенті Қытаймен достық саясат жүргізіп отыр. Бұл халықтарымыздың мүддесіне сай келеді", – деді Си Цзиньпин.
Сонымен қатар ҚХР төрағасы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерге жоғары баға беріп, жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады және алдағы Құрылтай сайлауына сәттілік тіледі.
