Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді

© AP Photo
Жазылу
Жаңа Конституция күшіне енеді, бірыңғай QR-төлем іске қосылады, кредит беру тәртібі жаңарады, самокаттарға жаңа талап енгізіледі, газ қымбаттайды, грант конкурсы басталады
АСТАНА, 1 шілде – Sputnik. Биылғы шілде елеулі өзгерістермен есте қалмақ. Осы айдан бастап жаңа Конституция күшіне енеді. Оның аясында ауқымды өзгерістер жүзеге асырылады. Сонымен қатар QR-төлемдерге қатысты маңызды жүйе іске қосылады. Сондай-ақ мыңдаған талапкер грант конкурсына құжат тапсырады. Sputnik Қазақстан шілде айында күшіне енетін негізгі өзгерістерге шолу жасады.
Құрылтай сайлауы өтеді
Бүгіннен бастап Қазақстанда республикалық референдумда қабылданған Конституция заңды күшіне енді. Оған сәйкес, екі палаталы парламент өз жұмысын тоқтатады. Оның орнына бір палаталы парламент – Құрылтай құрылады.
Жаңа Конституция бойынша президент бір айдың ішінде Құрылтай сайлауын жариялауға тиіс. Бір палаталы парламент сайлауы екі айдың ішінде өткізілуі керек.
Ал қыркүйек айында Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылғаннан кейін екі айдың ішінде вице-президент тағайындалады. Оның кандидатурасын президент ұсынады. Құрылтай депутаттары өз келісімін беруі керек.
Құрылтай сайланғаннан кейін үкімет отставкаға кетеді. Оған дейін бірнеше басшы қайта тағайындалады.
Халық кеңесі құрылады
Жаңа Конституцияның тағы бір жаңалығы – Қазақстан Халық кеңесі. Бұл халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болады және Қазақстан азаматтарынан құралады.
Кеңестің негізгі өкілеттіктері:
мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту;
Қазақстан Республикасы қызметінің негізін құраушы қағидаттарды және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу;
Құрылтайға заң жобаларын енгізу;
жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеру.
Кеңеске Қазақстан халқы Ассамблеясының функциялары беріледі. Ал Ассамблеяның өзі қызметін тоқтатады.
Самокаттарға қатысты талаптар
1 шілдеден бастап елде электр самокаттарға қатысты қатаң талаптар енгізіледі. Олар:
тротуармен жүруге тыйым салу;
18 жасқа толған және жүргізуші куәлігі бар азаматтарға ғана жалға беру;
самокаттарға тіркеу нөмірін (мемлекеттік нөмір) тағу;
міндетті сақтандыру полисін рәсімдеу;
электр самокаттардың ең жоғары жылдамдығын сағатына 25 шақырымнан асырмау.
Бұған дейін JET сервисі мобильді қосымшада пайдаланушылардан ЖСН енгізу талап етілетінін хабарлаған. Бұл жүргізуші куәлігінің бар-жоғын және адамның көлік жүргізу құқығынан айырылмағанын автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді.
Әскерге шақыру цифрлық форматқа ауыстырылады
4 шілдеде әскери қызметке шақыру және оны ұйымдастыру қағидаларына енгізілген өзгерістер де күшіне енеді. Соның аясында азаматтардың медициналық тексеріс нәтижелері, жеке деректері, соттылығы туралы мәліметтер және өзге құжаттар электронды базаға жүктеледі.
"Әскерге шақыру немесе әскери жиындарға жіберу туралы бұйрықтар цифрлық жүйе арқылы рәсімделеді. Қажет жағдайда уақытша қағаз нұсқасы қолданылып, кейін жүйеге енгізіледі", – дейді министрлік мамандары.
Ал жүйелер арасында байланыс болмаса, ақпарат тиісті органдардан 3 жұмыс күні ішінде сұрау салу арқылы алынады.
Бұған дейін министрлік жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына запастағы үш мың әскери міндетті адамның тартылатынын хабарлаған.
Кредит беру тәртібі өзгереді
Осы айдан бастап тұрақты табысы жоқ адамдар кредит ала алмайды. Ол үшін банктер нақты бірнеше талапты сақтауға міндеттеледі.
Жаңа ережеге адамның қарыз жүктемесінің коэффициенті мен ай сайынғы табысқа шаққандағы қарыз коэффициенті енгізілді. Банктер мен микроқаржы ұйымдары кредит бергенде осы коэффициенттерді ескеруге міндетті.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары ресми табыстың бар-жоғын бірнеше жолмен анықтайды. Олар:
зейнетақы аударымдары;
міндетті медициналық сақтандыру жарналары.
Осылайша, адамның ресми әрі тұрақты табысы болса, кредит алу мүмкіндігі арта түседі.
Гранттар конкурсы басталады
13-20 шілде аралығында ЖОО-ларға грант конкурсына құжат қабылданады.
"Құжаттарды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн (виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн) немесе eGov арқылы онлайн тапсыруға болады", – дейді мамандар.
Грант конкурсына қатысу үшін қажетті құжаттар:
жеке куәлік;
ҰБТ сертификаты;
3×4 көлеміндегі фото;
орта білім туралы аттестат немесе колледж түлектері үшін диплом;
жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар.
Ал "Ұшу аппараттарын және қозғалтқыштарды ұшырып пайдалану" мамандығы үшін дәрігерлік ұшу-сараптамалық комиссиясының медициналық қорытындысы қажет.
Бірыңғай QR-төлем енгізіледі
19 шілдеден бастап Қазақстандағы банктер бірыңғай QR-код жүйесіне көшеді. Соның арқасында тұтынушылар кез келген банктің қосымшасымен төлем жасай алады. Ал дүкен сатушыларына бірнеше банктің терминалын ұстап отырудың қажеті болмайды.
Айта кетері, бұл бастаманы іске асыру ұзаққа созылып кеткен. Себебі банктер өз жүйесін бірыңғай модельге біріктіру үшін техникалық жұмыстар атқарған. Ал кейбірі осы уақыттың ішінде QR-пен қатар алақанмен төлеу жүйесін енгізіп қойған.
Газ қымбаттайды
Шілде айында тауарлық газдың көтерме бағасын 33 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – жаңа кен орындарын ашу үшін қаржыны көбірек тарту.
Энергетика министрлігінің үш жылдық жоспарына сәйкес, газдың көтерме бағасы жыл сайын 33 пайызға көтеріледі. Ал сұйытылған мұнай газының шекті бағасы өзгермейді.
Маркетплейстер жұмысындағы өзгеріс
Шілде айында ЕАЭО елдерінде, соның ішінде Қазақстанда шетелдік маркетплейстерден сатып алынатын тауарларға қатысты өзгерістер күшіне енеді. Ондай тауарлар үшін кедендік декларация, баж және салық енгізіледі.
Бажсыз тауар әкелудің шегі бұрынғыдай 200 еуро болып қалады. Ал тауардың бағасы одан жоғары болса, 5 пайыздық бірыңғай баж алынады. Оған қоса, тауар бағасынан 16 пайыздық қосылған құн салығы ұсталады.
Шілде айында неше күн демаламыз
Осы айда Астана күніне байланысты үш күндік демалыс бар. Биыл 6 шілде дүйсенбіге түсіп тұр. Соның арқасында бес күндік жұмыс аптасымен істейтіндер үш күн қатарынан – 4, 5 және 6 шілде күндері демалады.
Ал алты күндік жұмыс аптасы үшін екі күн қатарынан демалыс болады. Бұдан басқа, қосымша демалыс күндері жоқ.
