"Апау, қайдасыз?": Батыс Қазақстанда жоғалған әйел бір тәуліктен кейін тоғайдан табылды

© Photo : БҚО полиция департаментіБатыс Қазақстанда жоғалған әйел бір тәуліктен кейін тоғайдан табылды
Батыс Қазақстанда жоғалған әйел бір тәуліктен кейін тоғайдан табылды - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.05.2026
Жазылу
Түнде далада қалған ана шөл қысып, қатты қиналған. Бірақ ішерге су таппаған
АЛМАТЫ, 22 мамыр – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында мал бағып жүрген баласын көріп келуге кеткен әйел жоғалып кетті. Полиция қызметкерлері оны бір тәуліктен кейін тапты. Оқиға қалай болған, Sputnik Қазақстан тілшісі сұрап білді.
Теректі ауданына қарасты Сатым елді мекенінің 66 жастағы тұрғыны Ырысты Қадешова таңғы сағат он бір шамасында үйінен шығып, қайтып оралмаған. Полицияға әйелдің із-түзсіз кеткенін айтып, баласы хабарласқан.
"Әйелдің 45 жастағы баласы таңертең мал жаюға кеткен. Денсаулығы нашар болғандықтан, анасы байыз таппай, алаңдап артынан іздеп шыққан", - дейді Теректі ауданының жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Данияр Темірханов.
Әйелдің жоғалғаны туралы хабарлама полицияға 20 мамыр күні кешкі сағат тоғыз шамасында түскен. Полиция қызметкерлері жоғалған ананы бірден іздеуге шығады.
"Баласын іздеп шығып, қайтар жолда адасып қалған. Біз түнімен іздеп, келесі күні 21 мамырда таңғы сағат 08:30 шамасында тоғайдан тауып алдық", - дейді Данияр Темірханов.
Малдан қайтқан баласы анасының үйде жоқ екенін көреді.
"Анамнан басқа кімім бар, анам да осы, әкем де осы кісі. Жалғыз бауырым бар, шыдамай "анам жоқ, анамды тауып берші" деп оған да қоңырау шалдым. Анамды іздеп талай жерге бардым, таба алмадым. Аяғым да ауырды. Сосын полицияға телефон соқтым", - дейді Асқар Нығметов.
Түнде далада қалған ана шөл қысып, қатты қиналған. Бірақ ішерге су таппаған. Амалсыз шалшыққа беторамалын сулап, сонымен аузын сүртумен болған. Қалың тоғайда жүруге қорыққан ана бір орыннан тапжылмаған.
"Іздеп келген баламның дауысын естідім. "Апау, қайдасыз?" деді. Қайтадан дауысы естілмей қалды. "Балам, мен мұндамын. Асқар, мен мұндамын" дедім. Сондай қатты қуанып тұрмын, бәрі қорқып кеткен ғой. Полициядағы балаларға рахмет", - дейді жоғалып табылған ана Ырысты Қадешова.
Овцы возле Белой скалы в Крыму - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.05.2026
Жамбыл облысында бес күн бұрын жоғалған шопан табылды
Жаңалықтар
0