Президент Павлодар облысының әкіміне Екібастұзда жаңа әуежай ашуды тапсырды

© Photo : Аэропорт ПавлодараАэропорт Павлодара
Аэропорт Павлодара - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.05.2026
Жазылу
Бұл жобаны іске асыру өңірдің көлік-транзит әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі
АСТАНА, 21 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Президентке өңірдің былтырғы және 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында мәлімет берілді. Атап айтқанда:
Былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,1 триллион теңгеге жетті. Елімізде өндірілетін көмір мен ферроқорытпаның 58 пайызы, электр қуатының 42 пайызы Павлодар облысына тиесілі;
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 9,6 пайызға артып, 571,4 миллиард теңгеге жетті;
Өңірде 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қалаларда 2 мектеп және ауылдарда 3 мектеп, сондай-ақ 30 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Биыл тағы 2 мектеп салу және әлеуметтік маңызы бар 5 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған;
Өңірдің үш қаласындағы қоғамдық көлік паркі толық жаңартылды. Жақсы жағдайдағы автокөлік жолдарының үлесі 96 пайызға көбейіп, 621 шақырым автокөлік жолы және ауыл ішіндегі көшелер жөнделді. Биыл өңірдегі перспективті ауылдардың кіреберіс жолдарын асфальттау жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар аймақ басшысы Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір салу, әуежайдың ұшу-қону жолағын және "Шахтер" саябағын жаңғырту сынды тапсырмалардың орындалуы жайында есеп берді.
Президент Екібастұз қаласының әуе қатынасын дамытуға ерекше назар аударып, облыс әкіміне шаһарда жаңа әуежай ашу мәселесін жан-жақты пысықтауды тапсырды.
"Бұл жобаны іске асыру өңірдің көлік-транзит әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамуына тың серпін береді", - деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысы инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және инженерлік-коммуналдық кешенді жаңғырту жұмыстарын жалғастыру жөнінде міндет жүктеді.
Акорда - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.05.2026
Тоқаев "Асыл мұра" ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдады
Жаңалықтар
0