Президент: Тарихты зерттеу дегеніміз – өткенмен өмір сүру емес

© Photo : Пресс-служба президента КазахстанаМемлекет басшысы "Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты халықаралық симпозиумда сөз сөйледі
Мемлекет басшысы Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік атты халықаралық симпозиумда сөз сөйледі - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.05.2026
Жазылу
Қазақстан әлемдегі маңызды геосаяси және өркениет орталығы ретінде өз тарихи миссиясын қайта жаңғырта бастады
АСТАНА, 19 мамыр – Sputnik. Тарихты зерттеу дегеніміз – өткенмен өмір сүру немесе көнені көксеу емес, сондықтан ұлт дамуының көкжиегін кеңейте түсу қажет, деді президент "Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әлемдегі маңызды геосаяси және өркениет орталығы ретінде өз тарихи миссиясын қайта жаңғырта бастағанын айтты.
Президенттің пікірінше, бұл үдерісте халықтарымыздың, соның ішінде, өскелең ұрпақтың теңдессіз рухы мен күш-қуаты шешуші рөл атқарады.
"Соның арқасында қазір біз алдымызға биік мақсаттар қойып, маңызды міндеттерді орындап келеміз. Сондықтан ата-бабадан қалған мол мұраны қазіргі заманның құндылықтарымен және озық технологиямен ұштастыру – маңызды. Тарихты зерттеу дегеніміз – өткенмен өмір сүру немесе көнені көксеу емес. Ескіліктің шырмауында қалу – надандық пен қараңғылыққа апаратын жол. Түп-тамырымызды толыққанды танып-білу арқылы ұлт дамуының көкжиегін кеңейте түсу қажет", - деді мемлекет басшысы.
Тоқаев сондықтан жаңа Ата заңда мәдени мұраларымызды сақтауға, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға айрықша басымдық беріліп, бұл маңызды жұмыс басталып та кеткенін айтты.
"Мен бір апта бұрын Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Баршаңызға белгілі, қазіргі заманауи технология өмірдің барлық саласына түбегейлі еніп, ауқымды өзгерістерге жол ашып жатыр. Бұл үрдіс адамзат болашағына тікелей ықпал етері анық. Бір сөзбен, озық технология күн сайын аса жоғары қарқынмен дамуда. Бұл – ХХІ ғасырдың ақиқаты. Біз мұны жақсы түсінеміз", - деді президент.
Мемлекет басшысы сондықтан заман талабына тез бейімделе алатын зерделі ұрпақ тәрбиелеуге баса мән беріп отырғанын жеткізді.
"Бұл бағытта көптеген бастаманы қолға алып жатырмыз. Биыл тамызда елімізде ЮНЕСКО-ның қолдауымен жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада өтеді. Аталған білім додасына 100 елден келетін оқушылар мен студенттер қатыспақ.
Бұған қоса, елімізде "Дүниежүзілік көшпенділер ойындары", "Болашақ ойындары" сияқты бірегей жобалар кеңінен дәріптелуде. Сондай-ақ осы жылы күзде Астанада тұңғыш рет AI Film фестивалі өткізіледі. Біз жаңа цифрлық және көлік дәліздерін, мәліметтерді сақтау орталықтарын ашу үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сол арқылы Ұлы Жібек жолын жаңаша сипатта жаңғыртып, көне ғасырлардағы әйгілі кітапханалардың заманауи нұсқасын ұсынуға мүмкіндік туады", - деді Тоқаев.
Акорда - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.05.2026
Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет – Тоқаев
Жаңалықтар
0