Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет – Тоқаев

© Sputnik / Санат Имангалиев
Жазылу
"Ұлы дүрбелең" деген атпен қалған саяси дағдарыс кезінде де Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесі сыр берген жоқ
АСТАНА, 19 мамыр – Sputnik. Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік" атты халықаралық симпозиумда айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы Жошы ұлысының дәуірлеп тұрған кездегі аумағы 6 миллион шаршы шақырымды алып жатқанын атап өтті.
"Тіпті, Рим империясының ең айбынды кезеңінде мұндай жер көлемі болмаған. Кейбір тарихшылардың пікірі бойынша, Алтын Орданың Дала Римі деп аталуы да – осыдан. Бірақ алып империяның қуаты жерінің көлемінде емес, оның институционалдық негізі, яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің мықты болуында еді", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша Жошы ұрпақтары Хань немесе Габсбург династиялары секілді ғасырлар бойы, яғни, 600 жылдан астам уақыт Ұлы дала төсіндегі түрлі мемлекеттік құрылымдарға билік жүргізді.
"Бұл Жошы ханның ұрпақтары құрған мемлекет жүйесі тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Соның арқасында әртүрлі этнос пен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді. Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасты", - деп толықтырды президент.
Ал қоғамдық тәртіп қағидатының бастауында Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның "Ұлы жасақ" заңы тұрды. Заң үстемдік құрған алып империяның әр түкпірінде адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді.
"Бұдан бөлек, Алтын Орда заманында озық іс жүргізу жүйесінің болғаны туралы нақты тарихи деректер бар. Сондай-ақ Құрылтай институты дала демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет етті. Ұлыстың әлеуметтік құрылымы айқын әрі тұрақты болса да, қоғамда қатып қалған қағида емес, әділдік басты рөл атқарды", - дейді Тоқаев.
Әскерде және мемлекеттік аппаратта темірдей тәртіпке, мінсіз қызмет пен меритократия қағидасына ерекше назар аударылды. Мұның бәрі алып державаны мекен еткен барлық этнос және түрлі топ өкілдеріне мол мүмкіндік берді.
"Осылайша, ұтымды ішкі және сыртқы саясаттың арқасында қоғамда тұрақтылық сақталды, мемлекет те өсіп-өркендеді. Алтын Орда Мысыр мәмлүктерімен, Ватиканмен, Византиямен, Осман империясымен және Еуропа елдерімен тығыз дипломатиялық байланыс орнатты.
Жалпы, тарихта "Ұлы дүрбелең" деген атпен қалған саяси дағдарыс кезінде де Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесі сыр берген жоқ, яғни, тұрақтылығын сақтап қалды. Бұл жүйені кейін Еуразия аймағындағы көптеген мемлекет басшылыққа алғаны баршаңызға мәлім", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.
