Түркістан қаласында Түркі өркениеті орталығы құрылады

Туркестан - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.05.2026
Жазылу
Мемлекет басшысы Түркі өркениеті орталығы ғылыми зерттеу жүргізумен, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асырумен айналысатынын айтты.
АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik. Түркістан қаласында Түркі өркениеті орталығы құрылады. Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев осындай шешім қабылданғанын жеткізді.

"Түркі мемлекеттерінің тарихи және мәдени мұрасын сақтау және оны болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру – баршамызға ортақ міндет, парыз деп айтуға болады. Мен Түркістан қаласының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым. Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды. Сондай-ақ гуманитарлық ықпалдастығымызды нығайта түседі", - дейді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, орталықтың қызметін тиімді ұйымдастыру үшін Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-академиялық әлеуетін пайдалану керек. Бұл университетке қажетті қаржылай және басқа да жәрдем көрсетіледі, деді ол.
Саммитке қатысушылар Түркі өркениеті орталығының іргетасын қалау рәсіміне куә болды. Бұл бастамаға қолдау көрсеткендерге Қасым-Жомарт Тоқаев алғысын білдірді.
"Бұған қоса, біз Астанада Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды жоспарлап отырмыз. Онда дала халықтарының тарихы мен мәдениеті кеңінен насихатталмақ. Ұйымға мүше мемлекеттерді және барлық бауырларымызды осы жобаны қолдауға және оған белсенді қатысуға шақырамын", - деді ол саммитте сөйлеген сөзінде.
Сондай-ақ Қазақстан президенті түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет дегенді айтты.
"Келесі маңызды мәселе. Технологиялық даму және гуманитарлық ықпалдастық дәуірінде түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет. Осы орайда Кеңеске мүше елдердің тиісті мекемелерінің өкілдері, ғылыми сарапшылары кіретін мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынамын", - деді Тоқаев.
Жақында Түркі Академиясы ағылшын, орыс және түркі тілдерінде сегіз томдық терминологиялық сөздікті жарыққа шығарды. Бұл жұмыс терминдерді бір ізге келтіруге және ортақ ғылым кеңістігін нығайтуға ықпал етпек.
Тоқаев: Алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы - өте маңызды - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.05.2026
Алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы өте маңызды - Тоқаев
Жаңалықтар
0