Парламент Алатаудың ерекше мәртебесін мақұлдады

© Sputnik / Абзал КалиевПарламент ғимараты
Парламент ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.03.2026
Жазылу
Алатау қаласында криптобиржа, токенизация сияқты цифрлық активтерді реттеу мүмкіндігі қарастырылады
АСТАНА, 20 наурыз – Sputnik. Парламент "Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы" конституциялық заңды бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Салықтық жеңілдіктер

Алатауда салықтық преференциялар тек басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға беріледі.
Ол жобалар нақты талапқа сәйкес болуы тиіс. Олар:
экономикалық және әлеуметтік тиімділігі;
қаланың стратегиялық құжаттарына сәйкестігі;
экспортқа бағдарлануы және инновациялық сипаттылығы;
экологиялық талаптарды қамтуы.
Барлық жеңілдік пен инвесторлардың міндеттемесі ашық түрде жарияланатын болады.

Бюджет қаржысы қалай жұмсалады

Қалада "Alatau City Authority" атты жаңа мемлекеттік орган республикалық бюджеттік бағдарламалардың дербес әкімшісі болады. Қаражат инфрақұрылымды дамытуға және ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға бағытталады.
"Ал қаланың жергілікті бюджеті әлеуметтік және ағымдағы міндеттерді қаржыландыруға жұмсалады. Алатау өзін-өзі қамтамасыз еткенге дейін қала бюджетінен басқа бюджеттерге қаражат алуға жол берілмейді", - деді вице-премьер Қанат Бозымбаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Алатауда жобаларды іріктеу мен қаржыландыру тәртібін арнайы кеңес бекітеді.

Барлығы цифрлық форматта болады

Алатау қаласы бірден "Digital by default" қағидатына негізделіп құрылады. Бұл дегеніміз, барлық негізгі қызметтер цифрлық форматта жұмыс істейді.
"Қалада инновациялық технологияларды енгізу үшін эксперименталды құқықтық режимдер қарастырылады. Бұл байланыс, цифрлық желілер, жасанды интеллект, роботтық жүйелер және автономды көлік сияқты салаларды қамтиды", - деді Бозымбаев.
Сонымен қатар Алатау қаласында криптобиржа, токенизация сияқты цифрлық активтерді реттеу мүмкіндігі қарастырылады.
Халықаралық сарапшылардың болжамына сәйкес, алға қойылған мақсаттар іске асқан жағдайда 2050 жылға қарай қаланың өңірлік жалпы өнімі 50 млрд АҚШ долларына дейін жетеді.
Айта кетері, бүгін парламент палаталары “Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы” конституциялық заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Екінші оқылымға дейін заң тағы талқыланады.
Заседание правительства Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.03.2026
Үкімет Алатау қаласында шетелдіктерге жер беру тәртібін түсіндірді
Жаңалықтар
0