Қазақстанда түркі елдерінің зиялы қауым өкілдері бас қосуы мүмкін

© Photo : Astana International Forum 2023Астана
Астана - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.10.2025
Жазылу
Бұл іс-шараны Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесінің аясында өткізуге болады
АСТАНА, 7 қазан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда түркі елдерінің зиялы қауым өкілдерін жинауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін президент Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде сөз сөйлеп, ұйымға мүше елдер арасында мәдени-гуманитарлық байланыстың нығайып жатқанын ерекше айтты.
Биыл Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Каспий жағалауында түркі мәдениетінің фестивалі өтті. Осы маңызды іс-шараға 100 мыңнан астам көрермен қатысты. Бұған қоса, биыл Алматы қаласы Түркі әлемі жастарының астанасы атанды.
"Біз өскелең ұрпақты бауырластық рухында тәрбиелеп, жастарымыздың мәдени ықпалдастығын нығайтуды қолға алуымыз қажет. Осыған орай, келесі жылы Алматыда Креативті экономика форумын өткізуді ұсынамыз. Мұндай қадам жастарымызды жақындастыруға, олардың білімін және білігін арттыруға мүмкіндік береді", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, өнер, білім, ғылым құндылықтары өркениетіміздің өрісін кеңейтуге ықпал етеді.
"Қазақстанда елдеріміздің зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, арнайы іс-шара өткізген орынды болар еді. Бұл іс-шараны Ұйымымыздың Ақсақалдар кеңесінің аясында өткізуге болады. Оның үстіне, Түркі әлемін зерттеушілер клубын құруды ұсынамыз. Оны Түркі Академиясының негізінде қалыптастыруға болады", – деп атап көрсетті Тоқаев.
Айта кетері, Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммиті Әзербайжанда өтіп жатыр.
Президент Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде сөз сөйледі - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.10.2025
Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымында тағы екі құрылымды ашуды ұсынды
Жаңалықтар
0