Астанада 300-ден астам үлескерді алдаған кәсіпкер қамауға алынды

© Sputnik / Тимур БатыршинҚолкісен
Қолкісен - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.10.2025
Жазылу
Құрылыс салушы тиісті рұқсатсыз және заң талаптарын бұза отырып, тұрғын үй кешенін салуға азаматтардан қаражат тартқан
АСТАНА, 7 қазан – Sputnik. Астанада "Жаңа Арқа" тұрғын үй кешенінің құрылысына ақша жинаған кәсіпкер ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық прокуратураға сілтеме жасап.
Құрылыс салушы тиісті рұқсатсыз және заң талаптарын бұза отырып, тұрғын үй кешенін салуға азаматтардан қаражат тартқан. Оның қылмыстық әрекеттері салдарынан 300-ден астам отбасы 4 млрд теңгеге шығындалды.
"Елорда прокуратурасының үйлестіруімен тергеу органы кінәлі адамды ұстап, сот санкциясымен қамауға алынды. Салымшыларының арыздары бойынша алаяқтық фактісімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу жалғасуда, іс бойынша барлық қажетті сараптамалар тағайындалды", - дейді прокурорлар.
Осы орайда қадағалаушы орган азаматтарды пәтер сатып алмас бұрын үлескерлерден қаражат тартуға рұқсаттың бар-жоғын мұқият тексеруге кеңес беріп отыр. Соның арқасында алаяқтықтан сақтануға болады.
Айта кетері, "Жаңа Арқа" тұрғын үй кешені Қордай көшесінде орналасқан. Құрылыс нысанының қаңқасы бар, кейбір жерде қабырғаларды да көтерген. Бірақ басқа өзгеріс жоқ.
5,5 млрд теңге залал: Ақтауда үлескерлерді алдаған құрылыс компаниясының басшылары сотталды  - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.05.2025
5,5 млрд теңге залал: Ақтауда үлескерлерді алдаған құрылыс компаниясы басшылары сотталды
Жаңалықтар
0