"Қарасора-2025": үш айда 9 есірткі зертханасы жойылды
09:34 09.09.2025 (жаңартылды: 09:59 09.09.2025)

© Photo : Пресс-служба департамента полиции Северо-Казахстанской области
Жазылу
"Қарасора-2025" шарасы аясында үш ай ішінде 677 есірткі қылмысы анықталды
АСТАНА, 9 қыркүйек – Sputnik. "Қарасора-2025" ауқымды жедел-профилактикалық іс-шара нәтижесінде 9 есірткі зертханасы жойылды.
Атқарылып жатқан жұмыстарға ІІМ-нің арнайы бөлімшелері мен Ұлттық ұланның күштері тартылған. Үш ай ішінде 20 есірткі егістігі анықталды, 5 мыңнан астам есірткі өсімдіктері жойылып, 1 тоннадан астам салмақта тәркіленді.
"Ұлытау облысында есірткіні еліміздің оңтүстік өңірлерінен орталық және солтүстік аймақтарға жеткізу арнасы әшкереленді. Құрамында төрт адам бар қылмыстық топ ұсталды. Олардан жол талғамайтын автокөліктер, оқ-дәрілері бар атыс қаруы және таратуға арналған 103 келі марихуана тәркіленді", - дейді полиция.
Бұдан бөлек шара барысында Жамбыл облысында марихуананы дайындап, сатуға дайындаумен айналысқан екі азамат ұсталды. Олардан 206 келі астам есірткі заты анықталып, тәркіленді.
Батыс Қазақстан облысында, жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақта, заңсыз түрде жоғары концентрациялы қарасора өсірілген жылыжай анықталды. Операция барысында 47 түп, жалпы салмағы 135 келі есірткі өсімдігі алынды.
"Түркістан облысында, таулы және қол жетуі қиын аймақтарда ІІМ мен Ұлттық ұланның бірлескен арнайы тобы жедел іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде үш азамат ұсталып, олардан атыс қаруы, сондай-ақ 650 келіден астам қарасора мен 48 келі көкнәр өсімдігі тәркіленді", - делінген хабарламада.
Жезқазған және Сәтбаев қалаларында заңды тауар ретінде бүркемеленген есірткі заттарын жеткізу фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 43 тоннадан астам көкнәр тәркіленді.
"Қарасора-2025" операциясының үш айындағы нәтижелер:
677 есірткі қылмысы анықталды;
27 мыңнан астам есірткі өсімдігі жойылды;
9 есірткі зертханасы жойылды;
3 ұйымдасқан қылмыстық топтың, соның ішінде бір трансұлттық топтың қызметі тоқтатылды.
