Жыл басынан бері 8 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

© Photo : Акимат Мангистауской областиВ Мангистаускую область прибыли кандасы из Исламской Республики Иран
В Мангистаускую область прибыли кандасы из Исламской Республики Иран - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.08.2025
Жазылу
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды
АСТАНА, 26 тамыз – Sputnik. 2025 жылда 8 051 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 156,1 мың этникалық қазақ оралды.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың:
44,2% Өзбекстаннан,
43,2% Қытайдан,
5% Түрікменстаннан,
2,7% Моңғолиядан,
2,4% Ресейден,
2,5% басқа елдерден келген.
"Осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,8%-ды және зейнеткерлер 9,1%-ды құрайды", - деп жазылған хабарламада.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,7%-ы жоғары білімді, 28,1%-ы кәсіби орта білімді, 53,5%-ы жалпы орта білімді және 2,7% білім жоқ.
Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды:
Ақмола,
Абай,
Қостанай,
Павлодар,
Атырау,
Батыс Қазақстан,
Шығыс Қазақстан,
Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 286 қандас қоныс аударды.
"Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде", - дейді мамандар.
Жыл басынан бері 563 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 221 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Ираннан келген қандастар - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.07.2025
Қазақстанға қоныс аударған қандастардың 60%-ке жуығы еңбекке жарамды
Жаңалықтар
0