Қазақстанда ЕАЭО елдерінің ішінде ең төмен нарықтық баға тіркелген - министрлік
08:38 19.08.2025 (жаңартылды: 10:40 19.08.2025)

© Sputnik / Санат Имангалиев
Жазылу
Сүт пен сиыр еті бойынша Қазақстан тек Беларусьтан кейін тұр
АСТАНА, 19 тамыз – Sputnik. Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу бойынша кешенді шаралар жүргізіп жатыр, деп хабарлады үкімет.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, жыл басынан бері бағаның өсу қарқыны айтарлықтай бәсеңдеген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа өсімі 8%-ды құрады.
Ал екінші тоқсаннан бастап қарқынның бәсеңдеуі байқалады:
сәуірде 1,6%;
мамырда 1%;
маусымда 0,7%;
шілдеде 0,4%;
тамыздың екі аптасында небәрі 0,1%.
Бірінші вице-министр Қазақстандағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың басым бөлігі ЕАЭО елдері арасындағы ең арзан екенін айтты.
"15 азық-түлік өнімі (күнбағыс майы, сүзбе, жұмыртқа, тұз, қарақұмық, күріш, ұн, көкөніс және т.б.) бойынша Қазақстанда ЕАЭО елдерінің ішінде ең төмен нарықтық бағалар тіркелген. Сүт пен сиыр еті бойынша Қазақстан тек Беларусьтан кейін тұр, құс еті бойынша – Беларусь пен Ресейден кейін, ал сары май бойынша – Қырғызстаннан кейін", — деді бірінші Бижанова.
