Жетісу облысында құбыр жарылды
13:20 13.08.2025 (жаңартылды: 13:27 13.08.2025)

© Photo : Видеодан скриншот
Жазылу
Өзен маңындағы тұрғын үйлер зардап шекпеген, экологиялық қауіпсіздікке қатер туындаған жоқ
АЛМАТЫ, 13 тамыз – Sputnik. Жетісу облысы Сарқан ауданы Екіаша ауылындағы "Кіші Басқан" өзенінде орналасқан ВБ ГЭС-2 станциясында су құбыры жарылды. Облыстық әкімдік оқиғаға қатысты мәлімет берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
12 тамыз сағат 17:00-де "Кіші Басқан" өзенінде орналасқан ВБ ГЭС-2 станциясында су құбыры жарылған. Бұл туралы әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды. Алайда облыстық әкімдік оқиға туралы қате ақпарат тарағанын айтады.
"Бұл оқиғаға байланысты әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат кейбір тұрғындардың алаңдаушылығын тудырды, алайда нақты жағдай желіде таралған мәліметтерден едәуір өзгеше", - дейді ведомство.
Оқиға орнына келген "Baskan Power" ЖШС-нің қауіпсіздік мамандары жедел түрде жоғарғы су қабылдағыштан су беруді тоқтатып, судың станция аумағынан тыс жерге таралуына жол бермепті. Нәтижесінде өзен маңындағы тұрғын үйлер зардап шекпеген, халық пен экологиялық қауіпсіздікке қатер туындаған жоқ.
"Технологиялық тұрғыда құбыр жарылды, су ГЭС ғимараттары арқылы және сыртқы бетке шығарылды. ГЭС-тің жедел кезекші қызметкерлері электр қуатын ажыратып, су беруді тоқтатты. Ал сағат 18:00-де құбыр толықтай сусыздандырылды. Суды сорып шығару жұмыстары басталды, бүгінде ғимарат ішіндегі су толығымен сорылып шығарылды, қазір апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Су атқылауы кезінде жергілікті халыққа зиян келген жоқ, тұрғын үйлер мен қожалықтарды су басқан жоқ. Экологиялық қауіп жоқ, су толығымен өзен арнасына қайтты", дейді "Baskan Power" ЖШС техникалық директоры Данияр Досабаев.
Айта кетері, "Baskan Power" ЖШС-да шамамен 90 адам жұмыс істейді, олардың барлығы – жергілікті тұрғындар.
Жетісу облыстық әкімдігі тұрғындарды тек ресми дереккөздердегі тексерілген ақпаратқа сенуге және негізсіз дүрбелең тудырумауғ шақырды.
"Барлық қызмет қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр", - деп түйіндеді ведомство.
