Тоқаев: Хәкім Абайдың мол мұрасы – барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы

© Photo : ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіҰлттық кітапханада Абай Құнанбаевтың қолжазбалары мен сирек кездесетін кітаптары қойылды
Ұлттық кітапханада Абай Құнанбаевтың қолжазбалары мен сирек кездесетін кітаптары қойылды - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.08.2025
Жазылу
Мемлекет басшысы Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды екенін атап өтті
АСТАНА, 10 тамыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өтетін салтанатты іс-шараға қатысушыларды құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаев Абай төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын екенін атап өтті.
"Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті", - деді ол.
Президенттің айтуынша, Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды.
"Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында", - деп толықтырды Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл өңір Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке екенін еске салды.
"Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді. Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық. Ұлы Абайдың аманатына адал болайық!", - деп түйіндеді ол.
Абайдың ескерткіші - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.08.2025
Ұлы Абайдың туғанына 180 жыл толды
Жаңалықтар
0