Биыл 150-ге жуық ауыл мектебінде кешенді реновация басталады
16:58 29.07.2025 (жаңартылды: 16:59 29.07.2025)

© Арман Асқар
Жазылу
Жобаны іске асыру шамамен 100 мың оқушы үшін білім алу жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді
АСТАНА, 29 шілде – Sputnik. Оқу-ағарту министрлігі елімізде бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымына көшуге бағытталған ауқымды жаңғырту жұмыстары басталғанын хабарлады.
Министрлік мәліметінше, алдағы үш жылда еліміздің барлық өңірінде 1231 мектепті жаңғырту жоспарланып отыр.
Биылғы жылы 245 мектепте кешенді жұмыстар басталды. Оның 146-сы ауылдық жерлерде, 99-ы қалаларда орналасқан. Жоспар бойынша:
214 мектепке – күрделі жөндеу жүргізіледі;
19 мектепте – ағымдағы жөндеу;
12 мектепке – реконструкциялау жүргізіледі.
Жобаны іске асыру шамамен 100 мың оқушы үшін білім алу жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
"Жаңғырту жұмыстары аясында мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосу, спорт залдарын, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау және аумақтарды заманауи стандарттар бойынша абаттандыру көзделген", - деп жазылған хабарламада.
Министрліктегілер ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарына ерекше көңіл бөлініп жатқанын да хабарлады.
