Тоқаевтың сынынан кейін вице-министр, әкімдер мен шенеуніктерге қандай жаза қолданылды

© Photo : Акимат Абайской области
Жазылу
Мемлекет басшысының туристік сала мәселелері жөніндегі тапсырмасына сәйкес премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың басшылығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған еді
АСТАНА, 21 шілде – Sputnik. 10-12 шілдеде Алматы, Қарағанды, Жетісу және Абай облыстарына инспекциялық сапар барысында бірқатар жүйелі заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Жұмыс тобының мүшелері туристермен кездесулер өткізіп, Қапшағай су қоймасындағы, Алакөл және Балқаш көлдеріндегі инфрақұрылыммен танысты.
Үкіметтің хабарлауынша, азаматтардың туристік инфрақұрылымның жай-күйіне, сервистің жеткіліксіз деңгейіне және қажетті қауіпсіздік шараларының болмауына қатысты хабарламалары расталды.
"Әсіресе, жергілікті атқарушы органдар басқаратын коммуналдық жағажайлардың жағдайы ерекше алаңдаушылық туғызды. Онда абаттандыру нормаларын бұзу, чек бермей жұмыс істейтін бизнес субъектілерінде кассалық тәртіптің болмауы, сондай-ақ санитариялық талаптар мен қауіпсіздік нормаларын елемеу фактілері тіркелді", - делінген үкімет хабарламасында.
Инспекция қорытындысы бойынша жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік жаза қолданылды:
туризмді дамытуға жауапты туризм вице-министріне, сондай-ақ Алматы, Қарағанды, Абай және Жетісу облыстары әкімдерінің орынбасарларына қатаң сөгіс жарияланды;
Қонаев, Балқаш қалаларының, Алакөл, Мақаншы аудандарының әкімдеріне, сондай-ақ ауылдық округтердің әкімдеріне сөгіс жарияланды;
кәсіпкерлікке, туризмге, қоршаған ортаны қорғауға, сәулет пен саудаға жауапты облыстық басқармалардың басшыларына жазалау шаралары қолданылды;
экология және табиғи ресурстар, денсаулық сақтау, қаржы, су ресурстары және ирригация, сауда және интеграция, көлік министрліктерінің аумақтық бөлімшелерінің басшылары жауапкершілікке тартылды.
Жергілікті жерлерде орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен көшпелі тексерулер жүргізілуде.
Айта кетері, Тоқаев халықтан келіп түскен көптеген шағымға байланысты Алакөл маңындағы әйгілі туристік аймақтың демалушыларды қарсы алуға дайындығы төмен екеніне үкіметтің назарын аударды.
Президент үкіметке қысқа уақыттың ішінде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіруді тапсырған еді. Ал олқылық жіберген лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
