“3,2 млн теңгеге тісін жөндеткен”: Перизат Қайрат халықтан жинаған ақшаны қалай жұмсады
16:32 14.07.2025 (жаңартылды: 18:51 14.07.2025)
Жазылу
Перизат Қайрат пен оның анасы су тасқыны кезінде ұрланған ақшаның 1 млрд теңгеден астамын мүлікті сатып алу арқылы заңдастырып алған
АСТАНА, 14 шілде – Sputnik. Бүгін сотта прокурорлар Перизат Қайраттың халықтан жинаған ақшаны қайда жұмсағанын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Прокурор Арман Кезекеннің айтуынша, Перизат Қайрат пен оның анасы халыққа жиналған ақшаның бір бөлігін қымбат мүлікті сатып алу арқылы заңдастырып отырған.
“Мәселен, 2024 жылы 24 мамырда Перизат Кайрат Астанадағы Rolex Boutique дүкенінде 6 973 000 теңгенің қолсағатын сатып алған. Бұған дейін Akbulak Rivera тұрғын үйінен 93 000 000 теңгеге қолма-қол ақшаға пәтер сатып алды. Ал 2024 жылы 5 мамыр мен 26 тамыз аралығында ол пәтерде 123 000 000 теңгеге жөндеу жұмыстары жасалды. Қайрат оны да қолма-қол ақшамен төледі”, - деді Кезекен бүгінгі сот отырысында.
Перизат Қайрат сатып алған басқа да мүлік:
Highvill Ishsim Gold тұрғын үйдегі пәтер мен автотұрақ - 205 000 000 теңге (қолма-қол ақша);
"Көк жайлау - 3" тұрғын үйдегі пәтер - 25 500 000 теңге (қолма-қол ақша);
Lexus LX 600 көлігі - 80 212 000 теңге (қолма-қол ақша);
Mercedes-Benz S 450 4MATIC көлігі - 77 257 765 теңге ( 20 000 000 теңге аударыммен, қалғаны қолма-қол ақшамен);
автотұрақ - 6 600 000 теңге (қолма-қол ақша);
Vela Village коттедж қалашығындағы үй мен жер учаскесі - 150 000 000 теңге (қолма-қол ақша);
Haval H6 GT көлігі - 13 570 000 теңге (қолма -қол ақша).
“Қайрат тағы бір жеке есепшотынан 57 миллион теңгені үшінші тұлғаларға аударған, 70 миллионды саяхаттарға, мейрамханаларға, әуе билеттеріне және тағы басқа қажеттіліктеріне жұмсады.
Сондай-ақ, ол 7,7 миллион теңгені Алашбаеваға және 7,1 миллион теңгені туыстарына аударған", - деп атап көрсетті прокурор Кезекен.
Жалпы, Перизат Қайрат пен оның анасы су тасқыны кезінде ұрланған 2 860 047 926 теңгенің 1 036 994 900 теңгесін сан алуан мүлікті сатып алу арқылы заңдастырып алған.
Бұдан бөлек, 3 290 000 теңге стоматологтың қызметіне жұмсалды.

