Үкімет делегациясы Алакөл жағажайларын тексеру кезінде кемшіліктерді анықтады

© Photo : пресс-служба акимата Алматинской области
Жазылу
Қауіпсіздікке қойылатын негізгі талаптар сақталмай отыр
АСТАНА, 13 шілде – Sputnik. Үкімет делегациясы Абай және Жетісу облыстарындағы Алакөл көлінің курортты өңірін тексерді, деп хабарлайды туризм министрлігінің баспасөз қызметі.
"Жұмыс сапарының мақсаты – инфрақұрылымның қазіргі жай-күйі мен демалыс жағдайын бағалау, сондай-ақ туристік саланы дамыту жөніндегі тапсырмалардың орындалуын қадағалау. Көлдің екі жағалауына да тексеріс жұмыстары жүргізіліп, жергілікті атқарушы органдар және бизнес өкілдерімен кездесулер өтті", - делінген хабарламада.
Тексеру барысында бірқатар жүйелі мәселелер анықталды:
кейбір жағажайларда санитариялық-гигиеналық тораптар, душ кабиналары, қоқыс жәшіктері, арнайы белгілер мен қоршаулар жоқ;
су көліктеріне бақылау жеткіліксіз;
құтқару мұнаралары мен ақпараттық құралдар тапшы.
Министрліктің мәліметінше, қауіпсіздікке қойылатын негізгі талаптар сақталмай отыр.
Туристер ағынының артуына қарамастан, бірқатар курортты өңірде қызмет көрсету деңгейі заман талаптарына сай келмейді.
Тексеру нәтижесі бойынша бірқатар нақты тапсырма берілді:
жағажай аумағындағы санитариялық жабдықтауды күшейту;
қосымша қоқыс контейнерлерін сатып алу;
қауіпсіз шомылу аймақтарын нақты белгілеп, арнайы белгілер желісін ұзарту;
киім ауыстыратын орындар, душ кабиналары және басқа да абаттандыру элементтерін орнату мүмкіндігін қарастыру;
белсенді демалыс аймақтарын ұйымдастырып, көлеңке тенттер орнату;
құтқару мұнаралары мен суға қауіпсіз кіруге арналған баспалдақтар санын көбейту;
жағажай аумағына ақпараттық стендтер мен сызбалы карталар орнату.
Анықталған кемшіліктерді жою бойынша жергілікті атқарушы органдарға нақты мерзім белгіленді. Министрлік бұл тапсырмалардың орындалуын қайта тексеруді жоспарлап отыр.
