"Ғани әке": министрге хат жазған жамбылдық оқушы неден қорықты
12:43 05.07.2025 (жаңартылды: 15:32 05.07.2025)
"Министрге хат" акциясы

Жазылу
Артем хатында министрдің оқушыларға жасаған жақсылығын айта келіп, болашақта журналист болғысы келетінін жазыпты
АСТАНА, 5 шілде - Sputnik. Тараз қаласындағы №66 мектептің 7-сынып оқушысы Артем Погорелов оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа хат жолдаған. Оқушы хатында не жазды, Sputnik Қазақстан тілшісі Артемнің өзінен сұрап білді.
Артем хатында министрдің оқушыларға жасаған жақсылығын айта келіп, болашақта журналист болғысы келетінін жазыпты.
"Хатымда мен Ғани аға сияқты мықты журналист болғым келеді деп жаздым. Бірақ хатты оқи ма, оқымай ма деп қатты қорықтым. Менің сабағым жақсы, қазақ тілінен, әдебиеттен жақсы оқимын. Болашақта журналист болғым келеді. Бұл мамандық шындықты ашады, ақпараттар таратады", - дейді Артем Погорелов.
Ол әдеби кітаптарды көп оқиды. Ерекше әсер қалдырған - Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" кітабы дейді. Батыр атаның ерлігі оқушыны тәнті етіп, Бауыржан Момышұлы сияқты болғысы келетінін айтады.
Жамбыл облысы Меркі ауылындағы №66 мектептің 7-сынып оқушысы Артем Погорелов оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа хат жолдаған

Жамбыл облысы Меркі ауылындағы №66 мектептің 7-сынып оқушысы Артем Погорелов оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа хат жолдаған
"Ғани аға, менің сізге айтар өтінішім, қазіргі таңда мүгедектер далаға шығып жүре алмайды, біз сияқты сабақ оқи алмайды. Солар біз сияқты оқып, біз сияқты жүрсе екен деймін. Тағы бір қосарым, Қазақстанда көптеген жерде интернет желісі ұстамайды. Сабақ оқуға вайфай керек. Ол көбісінде жоқ", - дейді министрге хат жазған бала.
Sputnik Қазақстан арқылы бұйымтайын жеткізген баланың арманы асқақ, талабы биік.
Артем Погореловтың қазіргі анасы - Ақтоты Құсмамбетова. Артем мен әпкесі Снежананы балалар үйінен патронаттық тәрбиеге алып, бауырына басқан.
"Жолдасым қайтыс болды, жалғыз қызым оқуға түсіп, үйде жалғыз қалдым. Сол кезде тағы да бірнеше балаға ана болғым келіп, 20 жастағы Снежана мен 5 жастағы Артемді бауырыма бастым. Одан бері 8 жыл өтті", - дейді Ақтоты Құсмамбетова.
Снежана тұйық, бірден бауыр баса қоймаған, ал Артем бағып алған анасының бауырына бірден тығыла кеткен.
Жамбыл облысы Меркі ауылындағы №66 мектептің 7-сынып оқушысы Артем Погорелов оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа хат жолдаған

Жамбыл облысы Меркі ауылындағы №66 мектептің 7-сынып оқушысы Артем Погорелов оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа хат жолдаған
"Қызым да тәрбиелі, биязы. Ал Артем сондай мейірімді "Анашым, басың ауырған жоқ па? Анашым, шай ішесің бе" деп үнемі қасымнан шықпайды. Балаларды бағып алуға жол көрсеткен жеңгем. Ол 11 бала бағып алып, бәрін аяқтандырды. Ал тәрбиелеуге анам көмектесті. Жұмыста жүргенімде қызым мен ұлыма анам тәрбие берді", - дейді Артемның анасы.
Әу баста өзге ұлттың баласы деп тосырқай қарап, пікір айтқандар да болған.
"Оларға сондай ренжіп қалатынмын. Мейлі қандай ұлт болсын, ол - бала. Кезінде сөге жамандағандар қазір кешірім сұраумен болады. Артемым қолындағы соңғы тиынын көмекке береді. Ұл бала қаталдау болады дейді, түк те олай емес, менің ұлым адал, мейірімді, ақкөңіл, өте таза. Мен Артемыммен мақтанамын", - дейді Ақтоты.
Айта кетейік, оқу-ағарту министрлігі маусым айының басында "Министрге хат" акциясын бастаған. Осы уақыт аралығында Ғани Бейсембаевқа 235 хат келіп түскен. Соның бірі - Артем Погореловтың хаты. Барлық хатты жіті оқып, жүрек жарды лебізін білдірген министрдің жүрегін әсіресе "Ғани әке" деп басталған хат ерекше елжіреткен.
"Артем – тағдыры жеңіл болмаса да, жігері мұқалмаған батыр бала екен. Ол патронаттық отбасында тәрбиеленуде, әрі қазақ мектебінде оқиды. Сөздері де, сезімі де шынайы, жүрекке жылы тиді. Артемнің хатын бірнеше рет қайталап оқып шықтым", - деп жазды Ғани Бейсембаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Министр Артеммен кездесуге уәде берді.
"Айналайын Артем! Егер осы жазбаны оқып отырсаң, өзіңмен Астанада кездесуді жоспарлап отырмын. Сол кездесу өзің айтқан әке мен бала арасындағы әңгімедей болады деп сенемін", - деп жазды Ғани Бейсембаев.